Halyq Uni логотип
×

Бүгін Президенттік жастар кадр резервіне өтінімдерді қабылдаудың соңғы күні

Іріктеуге 35 жасқа дейінгі Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.

 Динара Амантай 30.09.2023 | 11:19
Бүгін Президенттік жастар кадр резервіне өтінімдерді қабылдаудың соңғы күні
Фото: Halyq Uni

Президенттік жастар кадр резервінде іріктеуге қатысу үшін құжаттарды қабылдау аяқталғанға дейін аз уақыт қалды. Өтінімді бүгін сағат 23:59-ға дейін pkrezerv.gov.kz сайтында беруге болады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Резервке іріктеу 2023 жылдың 1 қыркүйегінде басталды. Оған кемінде бес жыл жұмыс тәжірибесі және мемлекеттік тілді B1 деңгейінен төмен емес меңгерген, 35 жасқа дейінгі Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Үміткерлерге мемлекеттік тілді білуге арналған тестілеуден өту үшін Qazaq resmi Test (онлайн) промокодын алу 2023 жылғы 30 қыркүйек сағат 13.00-ге дейін, тестілеуді тапсыру сағат 17.00-ге дейін қолжетімді.

Іріктеу шарттары бойынша үміткерлер 30 қыркүйекке дейін барлық құжаттарды жүктеуді аяқтап, 1 қазанда өтетін іріктеудің кезеңі – «Тестілеу – мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалауға» жазылуы қажет. Тестілеуге жазылу бүгін 23:59-ға дейін ашық болады. Тестілеу прокторинг жүйесін қолдана отырып, онлайн режимде өтеді, сондай-ақ аудио және бейнежазбамен сүйемелденеді.

Үміткерлерге жұмыс орнынан тұрып кетуге немесе біреумен келіссөздер жүргізуге, өзімен бірге қабылдаушы-беруші электрондық құрылғыларды (оның ішінде ұялы телефондар мен өзге де электрондық жабдықтарды), құлаққаптар, қағаз жеткізгіштердің болуына тыйым салынады.

Сондай ақ қатысушылар өз тарапынан қамтамасыз етуі қажет:

  • Chrome браузері бар компьютер/ноутбук;
  • тұрақты және жылдамдығы кемінде секундына 5 мб интернет;
  • жұмыс істейтін веб-камера, микрофон және жеткілікті деңгейде көрінуге мүмкіндік беретін жарық болуы;
  • бөгде дыбыстың/шудың болмауы.

Тестілеу мәтіннің ұсынылған бөлігін зерделеуге және оның мазмұны бойынша жауап нұсқаларының бірін таңдауға арналған 25 тест тапсырмасын тұрады. Тестілеу ұзақтығы – 25 минуттан аспайды. Нәтижелерді есептеу тестілеу аяқталғаннан кейін компьютер мониторында көрсетіле отырып автоматты түрде жүзеге асырылады. Жиналған ұпайлар жеке кабинетте «хабарламалар» бөлімінде көрсетіледі.

Үміткерлерді бағалау нәтижелері олардың жеке кабинеттерінде және pkrezerv.gov.kz сайтында орналастырылады.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама