Сенат төрағасы Тәжікстанға сапарын жариялады (ФОТО)

Дастан Жұмабекұлы

Өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басымдық беріледі

Фото: gov.kz

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желіде Тәжікстанға сапарын жариялады.

Ол Тәжікстанның президенті Эмомали Рахмон мен осы елдің Оли Мажлисі Милли Мажлисінің төрағасы Рустами Эмомалимен кездесіп, экология мен трансшекаралық өзендерге, қауіпсіздік мәселелері мен басқа да ортақ проблемаларды бірігіп шешудің жолдарын талқылағанын атап өтті.

Парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мемлекетіміздің сыртқы саясаттағы мүддесін ілгерілетудегі маңызды бағыттардың бірі. Осыған орай ресми сапармен Тәжікстанға барып, сол елдегі әріптестерімізбен кездестік. Сапар аясында Қазақстан Сенаты мен Тәжікстан Оли Мажлисі Милли Мажлисі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссияның алғашқы отырысы өтті.

Осы ретте, ол екі елдің мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмонның достық қарым-қатынасы мен парламентаралық байланыстардың мәдени-гуманитарлық, сауда-экономикалық және инвестициялық саладағы мәселелерді шешуге ықпал етіп жатқанын, кездесуде осы мәселеге баса мән беріліп, көші-қон саясатына қатысты жұмыстар да әңгімемізге арқау болғанын айтты.

Сенат төрағасының айтуынша, кездесуде Тәжікстанмен парламентаралық ынтымақтастықты дамытудың 2022-2024 жылдарға арналған жол картасына қол қойылды. Соған сәйкес, алдағы уақытта өзара тәжірибе алмасу, палаталар жанындағы жастар және сараптамалық құрылымдар арасында ынтымақтастық орнату, су ресурстарын тиімді пайдалану, өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты маңызды мәселелер бойынша бірлескен іс-шаралар өткізуге басымдық беріледі.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездесуде еліміздегі қоғамдық-саяси реформалардың маңызына тоқталдым. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі республикалық референдум туралы айттым.

Сапар барысында Тәжікстан Оли Мажлисі Милли Мажлисінің төрағасы Рустами Эмомалимен кездесіп, экология мен трансшекаралық өзендерге қатысты түйткілдерді, қауіпсіздік мәселелерін және басқа да ортақ проблемаларды бірлесіп шешудің жай-күйін талқыладық, - деді М.Әшімбаев.

Сонымен бірге ол сапар кезінде тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерге арналған ескерткішке арнайы барып, отандастарымыздың рухына тағзым еткенін айтты.