Ақтөбеде белгісіз әйел 3 апталық нәрестені шайханаға тастап кеткен
Тастанды баланың анасы іздестіріліп жатыр
Ақтөбеде белгісіз әйел 3 апталық нәрестені мейрамханаға тастап кеткен, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, кеше жедел басқару орталығының «102» арнасына орталық базар ауданындағы шайханада жаңа туған бала табылғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына барған ювеналдық полиция бөлімінің қызметкерлері таңертең сағат 10.00-да бейтаныс әйелдің 3 апталық нәрестені шайханаға тастап кеткенін анықтады. Әйел шайханадағы даяшыға барып ақша алып келгенше балаға бірнеше минут қарай тұруын өтінген. Кешке дейін күткен әйел баланы тастап кеткен қыз келмеген соң полицияға қоңырау соққан.
Нәресте полиция бөліміне жеткізіліп, жедел медициналық бригада шақырылды. Дәрігерлердің айтуынша баланың жағдайы бірқалыпты. Ақтөбе қаласы №3 ҚПБ ЖПҚБ ювеналды полиция бөлімінің инспекторы Жаннур Абдоллаева баланың жаялықтарын ауыстырып, тамақтандырып, сәбилер үйіне жеткізді. Қазір баланы тастап кеткен әйелді іздеу бойынша жедел іс-шаралары жүргізіліп жатыр.