Оралхан Бөкейдің соңғы суреті: Жазушының балалары қазір қайда жүр
Биыл Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл
«Алтайдың Кербұғысы» атанған даңқты жазушы Оралхан Бөкейдің мерейтойы Қазақстан бойынша аталып өтіп жатыр. Осы орайда Halyq Uni тілшісі жазушының туған қарындасы Ғалия Бөкейге хабарласып, ағасының соңғы сапары жайындағы әсерлі әңгімесін жазып алды.
Ғалия Бөкейқызының әңгімелеуінше, жазушының мінезі бірбеткей болған. Турашыл мінез әкесі мен анасынан дарығандығын айтады.
Сырт қарағанда ол кісінің мінезі қаталдау, тәкаппарлау көрінеді. Жалпы ол кісінің жан дүниесі өте нәзік, мінезі тік. Ол тік мінез бәрімізде бар, Бөкейдің балаларының барлығында бар. Шындықты айтатын, тура сөйлейтін, ешкімнің бетіне қарап жалтақтамайтын. Ол мінез әкеден де, шешеден де дарыған. Әкеміз өте салмақты, адал, ақылды кісі еді. Өмірі біреуге жалтақтаған емес. Шешеміз де өте ақжарқын адам болғанымен шыншылдық, әділдік деген әр сөзінен көрініп тұратын. Сондықтан ол кісі шындыққа келгенде тіліп түсетін, тайсалмай айтатын мінезді болды. Жазушы болу үшін жан дүние нәзік болуы керек қой. Егер ағам алдына келген адамның жағымсып, өтірік жарамсақтанып тұрғанын біліп қойса, мүлде сөйлеспей қоятын. Ал жанына жақын жанды тапса жайылып жастық, иіліп төсек болатын, - дейді жазушының қарындасы.
СУРЕТКЕРДІҢ СОҢҒЫ САПАРЫ
Суреткердің соңғы сапары да аяқ астынан болғандығын еске алған Ғалия Бөкейқызы сапар алдындағы ағасымен телефон арқылы тілдескенін былай деп еске алды:
Үнді сапары мамыр айында аяқ астынан болды. Сол іс-сапарға барам деп отырған жоқ болатын. Сапарға кететінін мен аяқ астынан естідім. Кетерде маған жұмысқа қоңырау шалды, ол кезде Ауыл шаруашылығы министрлігінде істейтін кезім. «Аяқ астынан іс-сапарға кетіп барамын. Үндістанға делегацияны басқарып баратын адамның орны ауысқан екен, соның орнына мені жіберді» деді. Іс-сапарға шығарда ең алдымен қаржыны дайындап алады ғой. Ол кезде доллар ауыстыру да қиын болатын. «Өзімнің қарамағымдағы Досымхан Қаббасов деген жігітке қаржы жағын жөндеп жіберші деп тапсырдым да, жұмысқа асығып келген бетім осы. Жұмысым көп. Осы жұмыстан әуежайға кететін шығармын», деді. «Өміріңізде жұмыстан кетпеуші едіңіз ғой. Неге жұмыстан кеткей отырсыз?» деп сұрап едім, жұмыстарын реттеу қажет екендігін айтты. Ол уақытта министрлікте кооперациядан әкеліп, қолдың сүтін сататын. Содан күнде сүт алып қоятынмын. Енді маған берген тапсырмасы – «сол сүтті балаларға апарып беріп тұр, бір аптада оралам» деді. Соныменен кетіп қалды ғой ағаларың, - дейді Ғалия Бөкейқызы.
«ЖҰМБАҚ ӨЛІМ»
Саналы ғұмырын қазақ әдебиеті мен қазақ журналистикасына арнаған Оралхан Бөкей 1993 жылы 17 мамырда Үндістан жерінде іс сапарда жүріп, Делиде қайтыс болды. Көз көрген замандастарының айтуынша, қаламгердің денсаулығына байланысты кінәраты болмаған. Дели қонақ үйіндегі жазушының күтпеген жағдайда көз жұмуы жақындары мен достарының көбін есеңгіретіп кеткен. Медициналық сараптама нәтижесінде қаламгердің марқұм болуын «миокард инфаркті» диагнозімен байланыстырған.
Негізі ол кісінің жүрегі ауырмайтын. Сол жердегі ыстықтың да әсері болуы мүмкін деген жорамал айтылады. Ал өзіме жолыққан ағамның жақын жолдастарының ішінде «жүрегі тоқтап қалды» дегенге сенбейтін екі досын білемін. Біреуі – Әшірбек Сығай, екіншісі – Дулат Исабеков. «Оралханның жүрегі тоқтап қалуы мүмкін емес» деген уәждерді айтты. Ал мен өзім сол күні, 16-сы күні қайтатын күні түнгі он екіден бастап бір орында отыра алмадым. Қобалжи беріп, нәр татпадым. Одан кейін ішкі запыранды орнымнан тұра алмай құсып жібердім. Ал түнгі он екіден кеткен кез – ағамның өмірден өткен сағаты. Сол кезде адамға білдірген екен. Оралхан ағам қиналып, күйзелген адам емес еді. Ол шақтарда Үндістан мен Қазақстан арасында тікелей елшілік жоқ, марқұмның денесі елге жеткенше 4-5 сағат өтіп кетті. Табыт елге келген соң түнгі төрттен таңғы алтыға дейін екі сағат жанында отырып, қоштастым. Сөйлестім. Сол кезде ақырын ғана жымиып жатыр екен. «Миакард инфаркті» деп қойды ғой диагнозды. Әшірбек аға оған сенбеді, ондай адамдарды көрім дейді. Өлімді медицинадан артық сараптай алмаймыз ғой. Қасында болған жігіттердің бәрімен әңгімелестім, тамақтың өзін талғап ішті дейді. Екі тараптан да медициналық сараптама жүрді, екеуі де бірдей шықты. Нақты күдіктенетіндей жағдай жоқ. Бірге кеткен әріптесі Нұртөре Жүсіп газетке берген 16-сы күнгі фотосуретінде өңі түп-түзу, ешқандай қобалжу, аурудың нышаны жоқ. Мүмкін ажалы солай келген шығар, - дейді жазушының қарындасы Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.
АЙХАН МЕН АЙЖАН
Қаламгердің артында Айхан есімді ұлы мен Айжан есімді қызы қалған. Жазушы балалары турасында күнделігінде былай деп тебірене жазады:
Бүгін таңертең ертемен Семейге ұшуым керек еді. Бара алмадым. Қырықтың бесіне келгенде, Құдайдан жалбарынып жүріп, бір ұл (Айхан), бір қыз (Айжан) сұрап алдым. Маған деген тағдырдың талқысы көп еді… Енді, енді еңіреуден есімді жиып, шүкіршілік айта берген кезде, аузымнан түсіп қалған ботақаным Айжанымның бүйрегі жазылуы екіталай ауруы бар деген ауыр сөз естідім. Сең соққандай емес-ау, қалың сеңнің астында қалғандай халдемін. Көзімде жас… Көңілім үйдің пешіндей уілдейді… Құр сүлдерім… Не істеймін? Қайда барамын? Қарағым-ау, жүрегімді қақ айырып, қансыраттың-ау! Қайтейін? Қайсыбірін айтайын? Өзімді алып, баламды қалдырсаңшы, Аллам».
Ғалия Бөкейқызының айтуынша, Айхан мен Айжан Алматыдағы КИМЭП университетін бітірген. Қазір қаржы-экономика саласында еңбек етіп жүр. Олар әкелері қайтқанда ес білмейтін бала болған.
«Айханның өзі отыздан асты, Айжан да отызға келіп қалды. Екеуінің арасы екі-ақ жыл ғой. Екеуі де Алматыдағы КИМЭП-ті бітіріп, финанс-экономика жағында қызмет істейді. Әкелерің естеріңде бар ма деп сұраймын, Айхан еміс-еміс қана көз алдымда бейнесі қалған дейді. Ал Айжан мүлде білмейді. Екеуі ес білмейтін шағында қалған. Екеуі де орыс мектебін бітірді ғой, тәрбиеден бе, ағаттық кетті ме, әлде сырттай білдіргісі келмейтін болар. Әйтеуір әкеге деген іздеу жоқ болып жатқан соң, оқырман соны сұрайды. Мүлде іздемей қояды деп ойламайын. Көп жағдайда орта жасқа келгенде шыққан тегін іздеп, мен кіммін деген сұрақ қойып жатады. Әжелері Қостанайдың қазағы еді, балалар көбінде әжесі мен шешесінің тәрбиесін көрді», - дейді Ғалия Бөкейқызы.
СОҢҒЫ СУРЕТТІҢ СЫРЫ
Үндістанда Оралхан Бөкейдің соңғы суретін түсірген ардагер журналист Нұртөре Жүсіп жазушының сол сапарда ерекше әсермен жүргенін айтады. Оның сөзінше, Оралхан Бөкей сапар барысында алдағы шығармашылығы туралы да әңгімелеп, Желтоқсан турасында пьеса жазу ойында бар екенін құлаққағыс еткен.
Бірақ үлкен кездесулер кезінде Ор-ағаң керемет бір әсерде жүрді. Ресми жиындарда тәуелсіздігін енді ғана алған еліміз жайлы әңгімелеп, жұрт алдында елдік мәселелерді көтерді. Үнділер мен қазақ халқының бір-бірімен табиғи ұқсастығын сөз етіп, оларға қазақтың сазсырнайын тарту еткені де есімде. Кешке театрға, әртүрлі кештерге барып тұрдық. Сонда бір койылымның музыкасынан әсер алғаны соншалық, Орағаң диктофонына әлгі әуенді жазып алды. «Желтоқсан окиғасы жайлы халықтың рухын көтеретін бір пьеса жазсам ба деп жүрмін. Мына музыка керемет екен» деп балаша қуанған еді, - деп жазады журналист «Айқын» газетіндегі естелік мақаласында.
Ол осы бір тарихи суретті қаламгердің өзінің сұрауымен Тәж-Махал кесенесінің алдында түсірген.
Оралхан ағаның соңғы суреті.Мұны 1993 жылы Агра қаласында Тәж-Махал кесенесі алдында түсірген едім. «Осылай отырып түсейінші» деді Орағаң, - дейді Нұртөре Жүсіп.
Оралхан Бөкей – артына мол мұра қалдырған қаламгер. Оның суреткерлік сыр-сипатын саралап, сыни еңбектер жазу әлі де болашақтың еншісінде. 1974-1983 жылдары Оралхан Бөкей «Жұлдыз» журналының проза бөлімінің меңгерушісі, 1983-1991 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде редактордың орынбасары, 1991-1993 жылдары бас редакторы болды. 1970 жылы Алматы қаласындағы «Жазушы» баспасынан басылып шыққан «Қамшыгер» атты алғашқы жинағы жас жазушының атағын шығарды. Осы баспадан оның «Үркер» (1971 ж.), «Қайдасың, қасқа құлыным?» (1973 ж.), «Мұзтау» (1975 ж.) әңгімелер мен повестері жарық көрді.