Ресей СІМ басшысының орынбасары Финляндия мен Швецияның НАТО-ға кіруі жауапсыз қалмайтынын айтты
Ол Солтүстіктегі жағдай күрт өзгеретінін ескерті
Ресей Сыртқы істер министрлігі басшысының орынбасары Александр Грушко Финляндия мен Швецияның НАТО-ға қосылуы – стратегиялық өзгеріс екендігін мәлімдеді. Оның айтуынша, альянстың кеңеюіне жауап ретінде Мәскеуден «саяси реакция» күтуге болады, бірақ эмоцияға еріп ешқандай шешім қабылданбайды.
Бұл Швеция мен Финляндияның мүдделеріне де, еуропалық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау мүдделеріне де сәйкес келмейді, тек Солтүстіктің милитаризациясына әкелетініне сенімдіміз. Соңғы кезге дейін бұл Еуропадағы әскери жағынан ең бейбіт аймақ болды, мұнда әскери саладағы бәсекелестіктен гөрі ынтымақтастыққа баса назар аударылды. Енді бұл көрініс түбегейлі өзгереді, – деді Грушко.
24 ақпанда Ресей мен Украинадағы қақтығыс аясында Финляндия мен Швеция НАТО-ға қосылуға ниет білдіргенін мәлімдеген болатын. Бұған қоса Финляндия Сыртқы істер министрі Пекка Хаависто Хельсинки келесі аптада альянсқа кіруге өтініш беруі мүмкін екенін айтты. Ресей Сыртқы істер министрлігі Финляндия әскери блокқа қосылуға шешім қабылдаса, Ресей әскери-техникалық сипаттағы қарымта қадамдарға баруға мәжбүр болатынын ескертті.
Айта кетсек, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған да Финляндия мен Швецияның НАТО-ға кіру мүмкіндігіне қатысты жағдайға байланысты қарсылығын білдірген болатын.