Сонымен бірге президент Батыстың РФ-ға қарсы санкция ережелерін бұзбайтынын айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федеративтік Республикасына барған сапарында еліміздің Ресеймен қарым-қатынасы жөніндегі сауалға жауап берді.
Президент федералдық канцлер Олаф Шольцпен бірге ГФР-дың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына берген жауабында Ресейдің Қазақстанға аумақтық талап қоймайтынын айтты.
Шын мәнінде, Қазақстан мен Ресейдің арасын әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара бөліп жатыр. Елдеріміз арасында сауда, гуманитарлық байланыстар бойынша дәстүрлі ынтымақтастық орнаған. 2013 жылы екі ел Одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қойды. Қазақстан мен Ресейдің шекарасына келер болсақ, оған делимитация жасалып, айтарлықтай деңгейде демаркацияланды. Оны екі ел парламенттері нақтылап, тиісті құжатты ратификациялады. Сондықтан Ресеймен арада қандай да бір территориялық дау жоқ. Ресей Қазақстанға аумақтық талап қоймайды. Қазақстан мен Ресей екіжақты деңгейде және тиісті интеграциялық бірлестіктер аясында тұрақты достық қарым-қатынас орнатқан, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен бірге ол Қазақстан Батыс елдерінің Ресейге қарсы санкция ережелерін бұзбайды деп мәлімдеді.
Біз санкция режимін сақтау бойынша тиісті ұйымдармен хабарласып отырмыз. Германия тарапы санкция режимін айналып өтуге бағытталған қимыл-әрекет болады деп қауіптенбесе болады, – деді Тоқаев.
Кездесуде федералдық канцлер Олаф Шольц Қазақстан Германияның Орталық Азиядағы жетекші сауда-экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Сондай-ақ энергетика, орнықты даму, цифрландыру және климаттың өзгеруіне қарсы күрес салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды екенін айтты. Бұдан бөлек, канцлер Германия мен Еуропа Одағы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда іске асырылып жатқан реформаларды толық қолдайтынын мәлімдеді.
Кеше мемлекет басшысы канцлер Олаф Шольцпен кездесуден кейін Berlin Global Dialogue форумында сөз сөйледі.
Президент «Көшбасшылар диалогы» сессиясында Қазақстанның жаһандық экономикалық процестердегі рөлі туралы өз көзқарасын айтты. Одан кейін мемлекет басшысы Шри-Ланка президенті Ранил Викрамасингхемен, HMS Bergbau AG компаниясының басқарма төрағасы Деннис Швиндпен, HHLA компаниясының басқарма төрағасы Ангела Титцратпен, STADA Group компаниясының вице-президенті Кристос Галлиспен, uler Hermes агенттігінің басқарма мүшесі Эдна Шёнемен кездесіп, Қазақстан мен Германияның іскер топтарының дөңгелек үстеліне қатысты.