АШМ-ға қарасты мекеме басшысы лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр
Ауыл шаруашылығы министрлігінде мекеме басшысы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы қаласы бойынша департаментінің мәліметінше, Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің «Фитосанитария» ШЖҚ РМК бас директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Белгіленген тыйымға қарамастан кәсіпкерлік қызметпен айналысатын ұйымды құрып, оны басқарған лауазым иесі 2022 жылғы маусымнан бастап қазірге дейін «Фитосанитария» ШЖҚ РМК Алматы облыстық филиалының үй-жайын тегін ұсынып келген. Күдіктінің мемлекетке келтірілген залал құны 7,4 млн теңге болды, – делінген Антикор хабарламасында.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.