Соңғы кезде өңірде жол апаты көптеп тіркелуде
Ақтөбе қаласының көлік жүргізушілері орталық көшелерге «Сергек» бейнекамераларының орнатылуына байланысты әлеуметтік желіде өз наразылықтарын білдіріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қала тұрғыны Рүстем Мұратовтың айтуынша, қазіргі таңда Ақтөбеге бейнекамера емес, сапалы жол керек.
Облыста да, қалада да қанша әкім ауысты, жол сол баяғы бір жартас. Ой-шұңқырдан «қашып», күнде жұмысқа барамыз. Басқаны былай қойғанда, қаланың орталық көшелері шұрық-тесік, көктемде, күзде суға толып кетеді. Жыл сайын миллиондап қаржы бөлініп жатыр, алайда қаламыздағы көше жолдарының сапасы сын көтермейді. Бірнеше күннен бері халық қалада «Сергек» камералары орнатылып жатқанын айтып, шулап жатыр. Меніңше қазіргі жағдайда бізге сапалы жол, инфрақұрылым керек. «Сергектен» бұрын бізге сапалы жол салып берсін, — дейді ол.
4 жылға жуық уақыт такси жүргізуші болып жұмыс жасап келе жатқан Асылбек Ізімовтің айтуынша, «Сергек» бейнекамераларын сауда орындары мен басқа да адамдар көп жиналатын жерлерге қою керек.
Ақтөбенің жүргізушілері тәртіпті сақтайды. Мәселе қаланың сыртында, республикалық және облыстық жолдарда. Себебі қаланың ішінде емес, үлкен жолдарда жол апаттары көп болады. Жалпы, менің ойымша, қала ішіне камералар орнатылса, көпшілік жүретін орындарға, «қауіпті» көшелерге қойылуы керек. Сосын полиция қызметкерлері халыққа камералар қай жерге, қандай жағдайда орнатылып жатқанын айтуы керек. Сонда жүргізушілер тәртіп бұзбайды, ұқыпты жүреді. Ал бәрін біліп тұрып, ереже бұзғандар болса өз обалы өзіне, айыппұлын төлейді, — дейді қала тұрғыны.
Ал ақтөбелік белсенді жас Елена Раимова мұндай бейнекамералар қоғамдық орындарға қойылса, онда қалада қылмыс азаятынын, заң бұзғандар дер кезінде ұсталатынын айтады.
Өзім көлік жүргізбеймін, автобуспен, таксимен жүремін. Дегенмен бір жағынан ойлап қарасаң жүргізушілерге де қиын. Сәл жылдамдық асырсаң, телефоныңа айыппұл келіп тұрады. Көлік жүргізетіндерге бұл тиімсіз болар. Ал біз сияқты қарапайым тұрғындарға ешқандай айырмашылық жоқ, — дейді ол.
Қазір әлеуметтік желілерді ашып қалсаң, ақтөбелік жүргізушілердің әр қадам сайын орнатылған камераларға қатысты наразылық танытып жатқанын көресің. Дені — ер адамдар. Қыз-келіншектер де бар, дегенмен олардың көбі жол қауіпсіздігін сақтайтынын айтып, «сабырлылық» білдіруде.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының жол қауіпсіздігі бойынша ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Асылхан Бекбосыновтың айтуынша, биыл жыл соңына дейін облыста барлығы үш мыңға жуық бейнекамера орнатылмақ. Қазір Ақтөбе қаласының көшелеріне 94 «Сергек» бейнекамерасы орнатылып жатыр.
«Сергек» камералары нақты қай уақыттан бастап іске қосылатынын айта алмаймын. Барлық жерге орнатылғаннан кейін ғана іске қосылады. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстардың 50 пайызы аяқталды. Қазір бірқатар көшелерде «Тестовый режимде» жұмыс жасап тұрған бейнекамералар бар. Неге екенін қайдам, бүгінде әлеуметтік желілерде, көпшілік жиналатын жерлерде жүргізушілер ажиотаж жасап жатыр. Олардың пікірін тыңдасаң, барлық көшеде жылдамдықты сағатына 40 шақырымнан асырмау керек. Алайда қай көшеде қандай жол бергісі тұрады, бұрынғыдай соолай жүре беруге болады. Одан айқай-шу жасап қажеті жоқ. Мәселен, бұрынғыдай елді мекендерде сағатына 60 шақырыммен жүруге болады, — дейді ол.
Аға инспектордың айтуынша, «Сергек» ақылды бейнебақылау жүйесі қала көшелеріндегі жылдамдық режимін, жол ережесін бұзған жүргізушілерді, іздеуде жүрген, айыппұл, алимент төлемеген адамдарды анықтауға көмектеседі. Қазір қала бойынша жүргізілген сараптамаға сәйкес, бұған дейін жол-көлік оқиғасы көп тіркелген жерлерге қойылып жатыр.
Егер жол ережесін бұзып, «Сергекке» ұсталып қалсаңыз, он күннің ішінде ұялы телефоныңызға айыппұл келіп тұрады. Қазір барлық жүргізушінің деректері ұялы телефон арқылы тіркеледі, сондықтан лезде заң бұзғаныңыз туралы ақпарат телефонға келеді. Ережеге сәйкес, негізі қала ішінде орнатылып жатқан «Сергек» жүйесінде жылдамдықты 60-тан асырмау керек. Мәселен 70 және одан жоғары болса жол ережесін бұзған болып есептеледі, — дейді А.Бекбосынов.
Оның айтуынша, «Сергек» бейнекамералары тек қала көшелеріне ғана емес, барлық облыстағы автокөлік жолдарына орнатылады. Себебі соңғы кезде өңірде жол апаты көптеп тіркелуде. Ең өкініштісі, жол үстінде көз жұмып жатқандардың саны көбейген.
Биыл жыл басынан бері Ақтөбе облысында 374 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 69 адам көз жұмды. 486 адам әр түрлі дене жарақатын алды. Оның ішінде Ақтөбе қаласында 235 жол апаты болса, одан 12 адам қаза тапты, 261 адам дене жарақатын алды. Ал қаза тапқан 69 адамның 12-сі — бала. Сондай-ақ 110 бала дене жарақатын алып, ауруханаға жатқызылды. Биыл былтырғымен салыстырғанда облыста жол-көлік оқиғаларының саны азайды, алайда көз жұмғандар саны артып отыр, — дейді аға инспектор.
Қорыта айтқанда, қазір ақтөбелік жүргізушілердің «Сергекке» қатысты пікірі екіге бөлініп отыр. Бір бөлігі «Сергекті» құптаса, бір бөлігі «камера емес, жол керек» дейді. Ал жол мәселесіне келсек, биыл Ақтөбе қаласында көп көшенің жолы жөнделген жоқ. Шұрық-тесік жолдармен қала халқы күн сайын жұмысқа қатынауға мәжбүр. Біз Ақтөбе қалалық әкімдігінен бұл жөнінде нақты ақпарат сұраған едік, жауап болмады.
Дегенмен өткен айларда Ақтөбе қаласында Молдағұлова, Тәуелсіздік даңғылдары, Илецкий, Қазанғап, Хмельницкий, Жаңақоныс ауылында Әуезов, Оңтүстік–Батыс-2 тұрғын үй алабында Құрманғазы көшелері жөнделгенін атап өткен жөн. Ал жолға жауапты бөлім мамандарының айтуынша, биыл 20-дан астам көшеге асфальт төсеу үшін бюджеттен 500 миллион теңге бөлінген. Алайда бұл қаржы жеткіліксіз. Жобаның жалпы құны — 2,3 миллиард теңге. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар келер жылы жалғасады.
Жол «жыры» бітпейтін Ақтөбеде келер жылы бұл мақсатқа қанша қаржы бөлінеді, ол жағы белгісіз. Бұл мәселе алдағы мәслихат сессияларында белгілі болмақ...