Halyq Uni логотип
×

Үкімет басшысы Ақтөбе облысында сәби өлімін азайтуға байланысты шаралар қабылдауды тапсырды

Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста нәрестелер өлімі 29%-ға артқан

 Динара Амантай 14.05.2022 | 15:06
Үкімет басшысы Ақтөбе облысында сәби өлімін азайтуға байланысты шаралар қабылдауды тапсырды
Премьер-министрдің Ақтөбеге сапары, фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов екі күндік жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барды. Сапар барысында Үкімет басшысы бірқатар әлеуметтік, инфрақұрылымдық және өндірістік объектілердің қызметімен танысып, облысты кешенді дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Өңірге келгеннен кейін Премьер-министр алдымен 2021 жылдың күзінде жұмыс істей бастаған, 1200 оқушыға арналған «Білім» мектеп-гимназиясына барды. Ол өңірдегі мектептер мен балабақшаларға қатысты мәселелерге оқталып, жылдың соңына дейін 25 балабақша мен 11 жаңа мектеп салу қажеттігін атап өтті.

Одан кейін Үкімет басшысы 2021 жылы пайдалануға берілген 190 төсек-орындық жаңа облыстық перинаталдық орталықтың қызметімен танысты.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста нәрестелер өлімі 29%-ға, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім 47%-ға артқан. Әкімдік жаңа перинаталдық орталықтың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, нәресте өлімін азайту бойынша шаралар қабылдауы қажет. Сондай-ақ медицина кадрларының тапшылығын азайту бойынша да жүйелі жұмыс жүргізу керек, бұл үшін тиісті мүмкіндіктер қарастырылған», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар, Әлихан Смайылов өңірді дамытуға байланысты кеңесті өткізу барысында облысты дамытуға 2022 жылы республикалық бюджеттен 150 млрд теңгеден астам қаражат бағытталатынын айтты. 

Бұған қоса Премьер-министр:

  • Ақтөбе қаласында магистралды газ құбырының 3-ші желісінің құрылысын қаржыландыру;
  • мұнай саласында жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің еңбекақысын арттыру;
  • тиісті қаржыландырумен «Ақтөбенің кәріз жүйелерін реконструкциялау» жобасын бірінші кезекте іске асырылатын жобалар тізбесіне қосу;
  • Өңірді дамытудың кешенді жоспарын және жоспарланған инвестициялық жобаларды сапалы іске асыруды қамтамасыз ету мәселелерін қарастыруды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама