Осы медальмен Қазақстан жалпыкомандалық есептегі 9-орнын сақтап қалды
Спорттық гимнастикадан ат снарядында өнер көрсеткен 25 жастағы Нариман Құрбанов қола жүлдені иеленді.
Отандасымыз 15.100 балл жинады. Алтын жүлдені тайпейлік Ли ЧИ-Кайға (15.500 балл) алды. Ал күміс жүлдеге жапондық Рета Цумура (15.166 балл) ие болды.
Осылайша, Қазақстан спортшылары 11 қола медаль алып отыр. Қазір отандастарымызда 3 алтын мен 3 күміс жүлде де бар. Осы жүлделермен еліміз жалпыкомандалық есепте 9-орнын сақтап қалды.
Қазақстан спортшыларының мақсаты – Азиаданың соңына дейін үздік бестікте болу. Қазір Ханчжоудағы Азиадаға елімізден спорттың 30 түрінен 524 спортшы (262 ер және 262 әйел) қатысып жатыр. Оның 27-сі олимпиялық бағдарламаға кірсе, қалған 3-еуі – олимпиялық емес спорт түрлері. Сонымен қатар, Азиадада 8 спорт түрінен, атап айтқанда, бокс, садақ ату, қазіргі бессайыс, жүзу, брейкинг, көгалдағы хоккей, теннис және жеңіл атлетика бойынша Париж Олимпиадасына лицензиялар сарапқа салынады.
Жалпы алғанда, Азияның 45 елінен 15 мыңнан астам спортшы 40 спорт түрінен 481 медаль жиынтығына таласып жатыр.