Сенатор шетелдіктер асырап алған қазақ балалары туралы толық ақпарат беруді талап етті

Дәурен Ерболат

Шетелдегі 1,5 млн қазақ тарихи отанына оралуға ниетті

Ғалиасқар Сарыбаев. Фото: Facebook

Сенат депутаты Ғалиаскар Сарыбаев Сыртқы істер министрлігінен шетелдіктер асырап алған қазақ балалары туралы толық ақпарат беруді сұрады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол депутаттық сауалын Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдады.

Депутаттың айтуынша, ресми мәліметке сәйкес, шетелде 4 млн-ға жуық, ал бейресми мәліметке сәйкес, 7 млн-ға жуық қазақ тұрады. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстанға 1 млн 230 мың қазақ көшіп келген. Бүгінде елімізге көшуге ниет білдірген қазақтар саны – шамамен 1,5 млн адам.

Ғалиаскар Сарыбаев ондағы этникалық қазақтардың тарихи Отанына оралуға ниетті екенін, алайда мұндай қадам жасауға тұсау болып отырған мәселе барын жеткізді.

Қандастардың өздерінің ұлты қазақ екенін дәлелдей алмауы, менталитеттегі, білім беру саласындағы айырмашылықтар, тілдерді білмеуі олардың мүмкіндіктерін шектеп жатыр, - деді сенатор.

Ол халықтың көші-қон мәселелеріне қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге жиі өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін, бұл Қазақстанға оралғысы келетін қандастардың алаңдаушылығын туғызатынын атап өтті. Депутат Үкіметтен көші-қон саласында іске асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы толық ақпарат беруді сұрады.

Сондай-ақ Ғалиаскар Сарыбаев шетелдіктер асырап алған қазақ балаларының мәселесін көтерді. Оның пікірінше, мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігі мен мүддесін ескеріп, Сыртқы істер министрлігі шетелдік дипломатиялық өкілдіктерінде арнайы құрылған ведомствоаралық комиссиялардың жұмыстарын қайта жандандыруы керек.

Әртүрлі себептермен шетелде жүрген отандастарымыз қиын жағдайларға тап болғанда оларға көрсетілетін көмектерді қайта зерделеуді және 1990-2000 жылдары бала кезінде шетелдіктер асырап алған жетім балалардың жағдайлары туралы толық ақпаратты жинақтауды сұраймыз. Сонымен қатар тарихи Отанына оралған қандастарымыздың азаматтығын алуды жеңілдету, көшу үшін арнайы жағдай жасау, әсіресе, солтүстік өңірлерде көтермелеу жәрдемақысын төлеу, тілдерді үйрету, жоғары оқу орындарына қабылдау, үй кезегі мәселесін шешуді қарастыруды сұраймыз, - деді Ғалиасқар Сарыбаев.