XIX Азиада: Қазақстан ТОП-10 елдің қатарына кірді

Дастан Жұмабекұлы

Әзірше қоржында 3 алтын, 3 күміс және 10 қола медаль бар

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында Қазақстан құрамасы бүгінгі 2 алтын жүлденің және күміс пен қола медальдардың арқасында жалпыкомандалық есепте 9-орынға шықты.

Топ басына алаң иелері – Қытай Халық Республикасының спортшылары орналасып отыр. Олар 81 алтын, 45 күміс және 23 қола медаль алды. Екінші орында Оңтүстік Кореяның өкілдері келеді. Таңғы шық елінің спортшылары 20 алтын, 19 күміс және 35 қола жүлдені жеңіп алды. Одан кейінгі сатыда Жапония құрамасы тұр. Күншығыс елінің өкілдерінде 15 алтын, 27 күміс және 24 қола медаль бар.

Олардың өкшесін Өзбекстан саңлақтары басып келеді. Бұл ел алғаш рет өз тарихында жалпыкомандалық есепте төрттікке кірді. Бұл мемлекеттің өкілдері әзірше 6 алтын, 10 күміс және 13 қола медальді жеңіп алды. Содан кейін үздік бестікте Үндістан спортшылары бар. Үнді елі 6 алтын, 8 күміс және 10 қола жүлдемен 5-орынға шықты.

Одан кейінгі орындарда Таиланд, Гонконг, Иран елдерінің спортшылары келеді. Қазақстан спортшылары 3 алтын, 3 күміс және 10 қола медальмен 9-орынға көтерілді.

Қазақстанның өкшесін Индонезия басып келеді. Оларда да  3 алтын мен 3 күміс жүлде. Бірақ 2 қола ғана бар.

Қазақстан спортшыларының мақсаты – Азиада соңына дейін үздік бестікте болу. Қазір Ханчжоудағы Азиадаға елімізден спорттың 30 түрінен 524 спортшы (262 ер және 262 әйел) қатысып жатыр. Оның 27-сі олимпиялық бағдарламаға кірсе, қалған 3-еуі – олимпиялық емес спорт түрлері. Сонымен қатар, Азиадада 8 спорт түрінен, атап айтқанда, бокс, садақ ату, қазіргі бессайыс, жүзу, брейкинг, көгалдағы хоккей, теннис және жеңіл атлетика бойынша Париж Олимпиадасына  лицензиялар сарапқа салынады.

Жалпы алғанда, Азияның 45 елінен 15 мыңнан астам спортшы 40 спорт түрінен 481 медаль жиынтығына таласып жатыр.