XIX Азиада: Қазақстанның қоржыны тағы екі қола жүлдемен толықты
Үшінші орынды жағажай волейбол командасы мен таэквондошылар иеленді
Ханчжоуда өтіп жатқан Азия ойындарында еліміз құрама командасының қоржынына тағы екі медаль түсті. Бұл жолы спортшылар үшінші орын алып, қола медальге қанағат тұтты.
Ерлер арасындағы жағажай волейболынан жұптық бәсекеде Дмитрий Яковлев пен Сергей Богату Иран спортшылары Алиреза Агажанигасаб пен Аббас Поурасгариді 2:0 (25:23, 30:28) есебімен жеңіп, медаль әкелді.
Одан кейін таэквондошылар Смайыл Дүйсебай мен Жансель Дениз де үшінші орыннан көрінді.
Смайыл Дүйсебай 80 келіден астам салмақта жартылай финалда Қытай спортшысы Чжаосян Соннан 0:2 есебімен, ал Жансель Дениз (73 кг) Ли Дабиннен (Оңтүстік Корея) 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Осылайша, ұлттық құраманың екі спортшысы өз салмағында үздік үштікті түйіндеді.
Смайыл Азиадада Бутан атлеті Нима Вангди 2:0 жеңіп, пәкістандық Омар Хамзадан да басым түсіп, жартылай финалға жолдама алған болатын. Жансель Ханчжоудағы ойындарды ширек финалдан бастап, Ливан өкілі Уорда Селмананы 2:0 есебімен жеңген. Жансель 2018 жылы Джакартада өткен жазғы Азия ойындарының финалында осы Ли Дабиннен ұтылып, күміс жүлдегер атанған еді.
Тағы бір рет еске салып өтсек, Ханчжоудағы Азиадаға Қазақстаннан спорттың 30 түрінен 524 спортшы (262 ер және 262 әйел) қатысып жатыр. Оның 27-сі олимпиялық бағдарламаға кірсе, қалған 3-і олимпиялық емес спорт түрлері. Сонымен қатар, Азиадад 8 спорт түрінен, атап айтқанда, бокс, садақ ату, қазіргі бессайыс, жүзу, брейкинг, көгалдағы хоккей, теннис және жеңіл атлетика бойынша Париж Олимпиадасына лицензиялар сарапқа салынады.
Жалпы алғанда, Азияның 45 елінен 15 мыңнан астам спортшы 40 спорт түрінен 481 медаль жиынтығына таласып жатыр.