Азиада чемпионы мен жүлдегеріне қанша сыйақы беріледі
Қазақстан Бокс федерациясы президентінің жеке қаражатынан да сыйақылар беріледі
Туризм және спорт министрлігі XIX жазғы Азия ойындарында жүлде алған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына берілетін ақшалай сыйақыны жариялады.
Азия ойындарының чемпионы атанған спортшыға 10 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы беріледі. Ал алтын медаль иегерін жарысқа дайындаған жаттықтырушыға 5 мың АҚШ доллары қарастырылып отыр.
Азиаданың күміс жүлдегері 5 мың АҚШ доллары, ал жаттықтырушысы 3 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алады. Сондай-ақ қола медаль еншілеген құрама спортшысына 3 мың АҚШ доллары, ал оның жаттықтырушысына 2 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай ынталандыру белгіленген, – делінген ведомствоның хабарламасында.
Биылғы Азиададан кейін Қазақстан Бокс федерациясы президентінің жеке қаражатынан да сыйақылар беріледі. Алтын медаль үшін чемпиондар 50 мың АҚШ долларын, күміс жүлдегерлер 30 мың АҚШ долларын, қола медаль үшін 10 мың АҚШ долларын алады.
Азия ойындары Қытайдың Ханчжоу қаласында 23 қыркүйекте басталған болатын. Ол 8 қазанға дейін жалғасады. Биыл бұл жарыс осымен 29-рет өтіп жатыр. Негізі Қытайдағы Азиада былтыр болуы керек еді. Алайда Ойындарды ұйымдастыру комитеті ҚХР-дағы короновирус пандемиясына байланысты оны биылға шегерді. Сол себепті жарыс ресми түрде Азиада-2022 деп аталады.
Биылғы құрлықтың басты жарысына Қазақстан құрамасынан 500-ден астам спортшы спорттың 30 түрінен сынға түсіп жатыр. Әзірше спортшыларымызда 1 алтын, 2 күміс және 7 қола медаль бар. Алтын медальді кеше стенд атудан скит бағдарламасы бойынша сынға түскен әйелдер құрамасындағы Зоя Кравченко, Әсем Орынбай мен Ольга Панарина жеңіп алды. Олар командалық жарыста чемпион атанып қана қоймай, 344 ұпай жинап, Азия ойындарының рекордын жаңартты.
Тағы бір айта кетерлігі, Азия ойындарында алғаш рет Олимпиада лицензиялары да беріледі. Бұған дейін Азиадада Олимпиаданың жолдамасын үлестіру деген мүлде болмаған. Ол тарихта алеғаш рет болып отыр. Азиадада Қазақстан спортшылары да осы мүмкіндікті пайдаланып келеді. Қазір Қазақстан құрамасында 4 жылда бір айналып келетін дүбірлі додаға жолдама алған бірнеше спортшы бар. Лицензияны әлі де алып жатырмыз.