Оған 100 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін пара алған деген айып тағылады
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «Бизнеске жол» жобасын іске асыру шеңберінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының басшысын ұстады.
Ол ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден бірнеше рет пара алды деген күдікке ілінді. Оған 100 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін пара алған деген айып тағылады. Ақшалай қаражаттар Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында бөлінетін несиелік қарыздарды беру мәселесін шешуге арналған. Күдікті Петропавл қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды, – делінген хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.
Жобаның мақсаты – кәсіпкерлерге әртүрлі әкімшілік кедергілерді, құжаттарды ресімдеу кезінде әуре-сарсаңдарды еңсеруге көмектесу, мемлекеттік қызметшілер қабылдайтын шешімдердің мерзімдері мен ашықтығын сақтауды қамтамасыз ету.