Орталық Азия елдерінде қазақстандық ЖОО филиалдары ашылатын болды

Динара Амантай

Әлемдік рейтингтерде қазақстандық жоғары оқу орындарының саны екі есеге артты

Фото: Halyq Uni

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Орталық Азия елдері ректорларының Бірінші Халықаралық форумы өтті. Оған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің министрлері мен ректорлары қатысты.

БҒМ баспасөз қызметінің мәліметінше, форумда бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Соның бірі – қазақстандық жоғары оқу орындарының филиалдарын Орта Азия мемлекеттерінде ашу мүмкіндігі.

Салтанатты жиында БҒМ министрі Асхат Аймағамбетов форум тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықты дамытудың тиімді алаңына айналатынына сенім білдіріп, қатысушыларды құттықтады

Бүгінгі форум былтыр өткізген Түркістан конференциясының жалғасы болып есептеледі. Осы ретте форумға қатысуға ниет білдерген барлық әріптесіме алғыс айтамын. Негізгі мақсат – өңірлік деңгейде ынтымақтастықты нығайтып, аймақта біртұтас кеңістік құруға мүмкіндік беретін Орталық Азия жоғары білім аймағын құру. Бүгін біз Қазақстанда BFUG өкілдігін ашу мәселесін көтердік. Бұл Еуропа мен Орталық Азия елдері арасындағы жоғары білім саласындағы әріптестікті күшейтуге және Болон процесі қағидаттарын өңірде таратуға мүмкіндік береді, – деді министр.

Сонымен қатар министр қазақстандық жоғары оқу орындарының әлемдік рейтингтердегі жетістіктерін атап өтті. QS рейтингіндегі қазақстандық жоғары оқу орындарының саны екі есеге артып, 14-ке жеткенін айтты. Сондай-ақ университеттер саны артып, Times Higher Education (THE) рейтингіне енген университеттердің орындары жақсарды.

Аталған форум жұмысына министрліктер өкілдері, сондай-ақ Орталық Азия елдері университеттерінің 133 өкілі қатысқан.

БҒМ баспасөз қызметінің мәліметінше, форум қорытындысында Орталық Азия ЖОО-ларының альянсын құру туралы меморандум қабылданды. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан университеттері арасында екіжақты келісімдерге қол қойылды. Сондай-ақ, Орталық Азия елдерінде қазақстандық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу мүмкіндігі талқыланған. Әр мемлекет үшін басым бағыттар бойынша бірлескен ғылыми және білім беру жобаларын әзірлеу жоспары әзірленді.

Университеттер өз арасында оқытушылар және студенттермен алмасады. Бұл бағытта біз «әл-Фараби» атындағы стипендиялық бағдарламаны іске қосып, Орталық Азия елдерінің азаматтарына квота бөлуге дайынбыз, – деп түйіндеді министр.