Спортшыларда 1 алтын, 2 күміс және 7 қола медаль бар
Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында Қазақстан құрамасы бүгінгі алтын жүлденің арқасында жалпыкомандалық есепте 11-орынға көтерілді.
Топ басына алаң иелері – Қытай Халық Республикасының спортшылары орналасып отыр. Олар 59 алтын, 39 күміс және 13 қола медаль алды. Екінші орында Оңтүстік Кореяның өкілдері келеді. Таңғы шық елінің спортшылары 15 алтын, 16 күміс және 22 қола жүлдені жеңіп алды. Одан кейінгі сатыда Жапония құрамасы тұр. Күншығыс елінің өкілдерінде 9 алтын, 21 күміс және 21 қола медаль бар.
Олардың өкшесін Гонконгтың саңлақтары басып келеді. Азиадаға Қытайдың басқа өңірінен келген спортшылар 5 алтын, 7 күміс және 11 қола жүлдені иеленді. Үздік бестіктен Өзбекстан құрамасы да көрініп отыр. Бұл мемлекеттің өкілдері әзірше 5 алтын, 6 күміс және 11 қола медальді жеңіп алды.
Одан кейінгі орындарда Үндістан, Таиланд, Индонезия, Тайвань, Иран елдерінің спортшылары келеді. Қазақстан спортшылары 1 алтын, 2 күміс және 7 қола медальмен 11-орында тұр. Ал Қазақстанның алдындағы Иран Ислам Республикасының құрамасында 1 алтын, 4 күміс және 5 қола жүлде бар. Бұл ел бізден 2 күміс жүлдені артық алып, ТОП-10 елдің қатарына кіріп отыр.