Астанада қоқыс шығарумен Әлия Назарбаеваға тиесілі компания айналыса ма?

Дәурен Ерболат

Экология министрі журналистер келтірген деректі нақтылайтынын айтты

Ерлан Нысанбаев, Экология министрі

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаеваға тиесілі компания қазір Астанада қоқыс шығарумен айналыспайды. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Журналистердің бірі Экология министріне нақты сұрақ қойды: «Бұған дейін сіз әріптесімнің сұрағына «Әлия Назарбаеваның компаниясы Астанадан қоқыс шығармайды» деп жауап бердіңіз. Алайда мемлекеттік сатып алулар туралы сайтты ашсаңыз, онда 2023 жылы компанияның ондаған келісімшартқа қол қойғанын көруге болады. Келісімшарт бойынша жұмыс істеліп жатыр. Демек, Әлия Назарбаеваға тиесілі компания әлі күнге дейін елордадан қоқыс шығарумен айналысады ғой?».

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ақпаратты тексеруге уәде берді.

Мендегі ақпаратқа сәйкес, бүгінде Әлия Назарбаеваның компаниясы қоқыс шығарумен айналыспайды. Қосымша деректер керек болса, сізбен жеке сөйлесуге дайынмын. Мендегі ақпарат осындай. Мен сіз айтқан ақпаратты тағы тексерейін. Содан кейін министрліктің баспасөз қызметі арқылы кездесуге болады немесе (сұрағыңызға) жазбаша жауап берейік, - деді басшы.

Айта кетейік, елордада қоқыс шығарумен айналысатын компания – СLEAN CITY NC. Оның құрылтайшысы – Green Future Management Ltd. Оған Әлия Назарбаева иелік етеді.