×

«Үйіңде дуа бар»: Қазығұрттың тұрғыны өзбекстандық алаяқтарға алданған

Олар үйіңде дуа бар деп алдап, алтыны мен ақшасын алып кеткен

 Дастан Жұмабекұлы 13.05.2022 | 17:42
фото: ашық дереккөз

Қазығұрттың тұрғынының алтыны мен ақшасын көз алдында алдап алып кеткен өзбекстандық екі әйел ұсталды.

Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің хабарлауынша,12 мамыр күні күндізгі уақытта жергілікті тұрғын екі әйелге алданып, олар гипноз арқылы көз алдында алтындарын алып кеткеніне шағымданған.

Егде жастағы әйелдің айтуынша, оның үйіне өзге ұлтты екі әйел келген. Олар жәбірленушіге үйіңде дуа бар, соны тазалап береміз деген желеумен өздерінің тазалау әрекеттерін жасап, осы аралықта тұрғынның алтын алқасын, саусағындағы алтын сақинасы мен 100 мың теңгеден астам ақшасын алдап әкетіп қалған. Олар кеткен бойда есін жинаған әйел бірден полицияға хабарласып, алаяқтарды ұстауға көмектесуін сұраған.

Тәжірибелі полицейлер жәбірленушінің айтқан белгілері бойынша жедел іске кірісіп, Түркістан облысының патрульдік полиция батальонының алтыншы взвод қызметкерлері мен бірігіп, күдіктілер мінген Lada Priora көлігінің ізіне түсіп,  жарты сағатта алаяқтарды ұстады.

Полицейлер бірден әрқайсысы әр жаққа қашқан әйелдерді ұстап,  алаяқтық жолмен алынған алтындар мен ақшаны тәркіледі.  Патрульдік полицейлер көлікте болған бес әйелді полицияға жеткізді. Оларды тексеру кезінде Өзбекстан Республикасының тұрғындары екендігі анықталды. Осы оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша  сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Қазір полицейлер олардың Түркістан облысында болған басқа да алаяқтық істеріне қатыстылығын тексеруде.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама