1 қаңтардан бастап қазақстандықтар саусақ іздерін тапсыруға міндетті - ІІМ
Одан бас тартқандарға айыппұл салынады
Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте көші-қон қызметі комитетінің аға инспекторы Нұржан Жанабаев дактилоскопиялық тіркеудің міндетті болатынын айтты.
Қарапайым тілмен айтқанда, дактилоскопиялық тіркеу – саусақ таңбасын алу.
Міндетті дактилоскопиялық тіркеу Қазақстанда 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталады. ҚР-ның 12 жасқа дейінгі балалардан басқа барлық азаматы және Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер дактилоскопиялық тіркеуге жатады.
12 жастан 16 жасқа дейінгі балалар дактилоскопиялық тіркеуден ерікті негізде өтеді. Саусақ іздерін алу Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жеке куәлікті, паспортты, шетелдіктің елде тұруға ықтиярхатты және азаматтығы жоқ адамның куәлікті ресімдеуі кезінде жүргізілетін болады, – деді министрлік өкілі.
Нұржан Жанабаевтың айтуынша, саусақ іздерін алу процесінен бас тартқан жағдайда азаматқа Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 443-1-бабына сәйкес айыппұл салынады.