Қазақстан 7 айда 14,2 млрд доллардың өңделген тауарын сатқан

Дәурен Ерболат

Өнімді көбінесе Ресей мен Қытай сатып алған 

Фото: ОКҚ

Биылғы 7 айда Қазақстан 14,2 млрд доллардың өңделген тауарын сатты. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, 2023 жылғы қаңтар-шілдеде Қазақстанның шикізаттық емес тауарларының айналымы 46,7 млрд доллар болды. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 21,7% көп.

Биыл 7 айда шикізаттық емес тауарлардың экспорты 14,2 млрд доллар болды. Қызметтер экспортының көрсеткіші – 2,1 млрд доллар. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,7% өскені. Шикізаттық емес тауарлардың үздік үштігіне мыс пен мыс катодтары (олардың үлесі 12,9%), ферроқорытпалар (10,2%), уран (9,4%) енді, - деді Қайрат Төребаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар вице-министр тауар себетін әртараптандырудың, экспорт географиясының кеңейгенін атап өтті.

«Негізгі нарықтар – дәстүрлі түрде Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркия және Нидерланды. Еуропалық одақ елдеріне, Қытайға және Орталық Азия елдеріне жеткізілімдердің айтарлықтай өсуі тіркелді», - деді ол.