Жазғы Азиада: Қазақстан қазіргі бессайыстан Олимпиадаға лицензия алды

Дастан Жұмабекұлы

Елена Потапенко мен Георгий Борода-Дудочкин жолдамаға ие болды

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Cпортшы Елена Потапенко мен Георгий Борода-Дудочкин Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан XIX Азия ойындарында әйелдер және ерлер арасындағы қазіргі бессайыстан жеке жарыста Олимпиадаға жолдама алды.

Осылайша, ол келесі жылы өтетін Париж Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік алды.Соңғы кезеңге дейін Елена Потапенко жалпы есепте 8-орынға ие болды. Бірақ мылтық атуда сәтті өнер көрсетіп, алғашқы бестіктен көрінді. Қазақстандық спортшының қорытынды нәтижесі – 1 340 балл.

Елена Потапенко мен Георгий Борода-Дудочкинді  Олимпиадаға лицензия алуымен құттықтаймын және оларға Парижде сәттілік тілеймін! – деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Азиадаға қатысудың бір мақсаты – Париж Олимпиадасына лицензия алу. Қазақстан спортшылары жарыстың 8 түрінен Олимпиадалық ойындарға жолдама алу үшін күш сынасып жатыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін велоспорттан ерлер құрамасы шоссе жарысында, пневматикалық оқ атудан лицензия алса, еркін күресте 86 келіге дейнігі салмақта Азамат Дәулетбеков пен грек-рим күресінен 87 келіге дейінгі салмақта болған белдесуде Нұрсұлтан Тұрсынов Олимпиадаға жолдама алған болатын.