XIX Азия ойындары: Туризм және спорт министрі жүлдегерлерді құттықтады
Осы медальді жақында қаза тапқан жан құрбыма арнаймын, - деді Әбиба Әбужақынова
Азия ойындарында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев дзюдодан жүлде алған Қазақстан ұлттық құрамасының спортшыларымен кездесті.
Министр құрама қоржынына күміс медаль жеңіп алған Әбиба Әбужақынова мен қола жүлдегер Мағжан Шамшадинді құттықтады.
Мен Әбибаны осы нәтижемен құттықтаймын! Біз бәріміз оны мақтан тұтамыз. Сіз лайықты нәтиже көрсеттіңіз! Қазақстандық палуандарды қолдау үшін Қытайға келген жанкүйерлерге ерекше рахмет! Олардың қолдауы спортшыларға жігер сыйлады, – деді Туризм және спорт министрі.
Әбиба Әбужақынова жүлдесін жол апатынан қаза тапқан құрбысына арнайтынын айтты.
Осы медальді жан құрбыма арнаймын. Жақында ғана қырық күндік асы берілді. Соған қатысып, осында келдім. Онымен интернатта бірге оқығанбыз, – деді дзюдошы.
Спортшы алтын медальға сенгендігін айтты. Министр спортшыға Олимпиадаға жақсы дайындалу керектігін айтып, жеңіс тіледі.
Одан кейін министр 60 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге ие болған Мағжан Шамшадинмен кездесіп, оны да медалімен құттықтады.
Мағжан өте мықты қарсыласпен жекпе-жекте нағыз мінез танытты. Мен оны шын жүректен құттықтаймын! Боз кілемдегі еңбегі үшін алғыс айтамын. Бұл оның қанжығасындағы соңғы үлкен марапат емес екеніне сенімдімін. Еліміз Мағжанмен, Әбибамен мақтанады. Бүкіл ел оларға қолдау көрсетіп, ойындарын жіті бақылап отырды. Біз бәріміз де спортшылардың жүлдесіне дән ризамыз, – деді Туризм және спорт министрі.
Ұлттық құраманың тағы бір өкілі Ғалия Тыңбаева Азиаданың алдында ғана 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күресті. Ол Азиадада қола жүлде үшін белдесті. Ермек Маржықпаев оған да алдағы турнирлерге дайындықты күшейтіп, жеңіс тұғырына көтерілу керектігін, алда ең үлкен жеңістер бар екенін айтты.
Мұндай шеберлер төрт жылдықтың басты ойынында отандастарымызды қуантатыны анық. Бүгін өнер көрсеткен спортшыларға табандылығы мен батылдығы үшін тағы да алғыс айтқым келеді. Қазақстан құрамасы жанкүйерлерді жарқын жеңістермен қуантады деп сенемін, – деді Ермек Маржықпаев.
Финалда Әбиба Әбужақынова 48 келіге дейінгі салмақта үш дүркін әлем чемпионы, жапон Нацуми Цунодамен белдесекен болатын. Осы белдесуде Қазақстан спортшысы қарсыласынан жеңілуге мәжбүр болды. Енді ол келесі жылы Парижде өтетін Олимпиадаға дайындалады.
Ал 3-орын үшін күресте отандасымыз Мағжан Шамшадин Тәжікстан спортшысы Мерзод Суфиевті жеңді. Жекпе-жек 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде болды.