Биыл Антикор осы өңірде 1 миллиард теңгеден астам бюджет қаржысын үнемдеуге атсалысқан
Көкшетауда қаланы сумен қамтамасыз ететін «Көкшетау Су Арнасы» коммуналдық кәсіпорны 169 миллион теңгеге гараж сатып алмақ болған. Бұл туралы жергілікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті мәлімдеді.
Компания 12 көлікке арналған модульды гараж сатып алмақ болған. Мемлекеттік сатып алу порталына оны 169 миллион теңгеге бағалапты. Осылайша, «Сатып алудың бірыңғай терезесі» жүйесі арқылы мониторинг жүргізген департамент өрескел заңбұзушылықты анықтады.
Мониторинг нәтижелері мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың жоспарланған тауарларға, жұмыстарға және қызметтерге бағаны негізсіз көтеру фактілерін көрсетті. Мәселен, Көкшетау қалалық әкімдігі жанындағы «Көкшетау Су Арнасы» кәсіпорны 169,5 миллион теңгеге 12 модульдік гаражын сатып алмақ болған. Ал оның нарықтық құны – 108 миллион теңге. Департаменттің уақтылы жіберген ұсынысының арқасында аталған ұйым мемлекеттік сатып алудан бас тартты. Осылайша, 169,5 миллион теңге бюджет қаржысы үнемделді, - деді департамент басшысы Асхат Оразхан.
Жалпы, биыл облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті өңірде 1 миллиард теңгеден астам бюджет қаржысын үнемдеуге атсалысқан.