Halyq Uni логотип
×

«Қорыққанымнан оянып кеттім»: Жамбыл облысындағы табысты кәсіпкерге түсінде анасы аян берген

Үш баланың анасының айтуынша, бұл кәсіпті қолға алуына мұқтаждық мәжбүр еткен

 Халық үні 23.09.2023 | 23:31
«Қорыққанымнан оянып кеттім»: Жамбыл облысындағы табысты кәсіпкерге түсінде анасы аян берген
Фото: видеодан алынды

Жамбыл облысының тұрғыны әдеттегі хоббиін табысты бизнеске айналдырған. Ол қазақтың ұлттық бас киімдері мен көрпешелер тігеді, сондай-ақ түрлі тойбастар сыйлығын жасайды, деп хабарлады КТК телеарнасы.

49 жастағы Сабыркөл Сергелбекова қолөнермен бірнеше жыл бұрын айналыса бастаған. Көрпешелерді тігуді интернеттен қарап, үйренеді. Айтуынша, басында қиын болған. Ал қазір оның қолөнер бұйымдарында ұлттық ою-өрнектің 30-дан астам нұсқасы бар.

Сабыркөл күйеуі Алмастың басты көмекшісі әрі серігі екенін айтты.

Мен іс тігіп жатқанда, ол тамақ дайындайды, үй тазалайды және бақшаны қарайды, - деді шебер.

Үш баланың анасының айтуынша, бұл кәсіпті қолға алуына мұқтаждық мәжбүр еткен. Төрт жыл бұрын Сабыркөл жұмыссыз қалған.

«Ол кезде ақшадан қатты қиналдық. Балаларды тамақтандыру, киіндіру керек болды. Мен Таразға азық-түлікке несие алу үшін бардым. Бірақ олар маған беруден бас тартты.

Үйге автобуспен қайттым. Көлікте отырып ұйықтап кетіппін. Түсімде анамды көрдім. Ол маған бірнеше рет: «Тігінмен айналыс!» деп қайталады. Қорыққанымнан оянып кеттім. Жан-жағымда ешкім болмады. Үйге келіп, тігінмен айналысып көрейін дедім. Басында қиын болды. Алғашқы үш көрпешені сол кезде 15 мың теңгеге саттым, - дейді ол.

Сабыркөл қазір тапсырыстың үздіксіз түсетінін айтты. Қолдан жасалған бұйымдарын ол бүкіл Қазақстан бойынша әлеуметтік желілер арқылы сатады. Сондай-ақ мұқтаж адамдарға көмектеседі. Жақын арада пішу және тігу курстарын ашуды армандайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама