Halyq Uni логотип
×

Қостанай жылқылары арасындағы бәйге маусымы өз мәресіне жетті

Бәйгенің жүлде қоры екі есе артып, 80 миллион теңге болды

 Халық үні 23.09.2023 | 18:25
Қостанай жылқылары арасындағы бәйге маусымы өз мәресіне жетті
Фото: Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының баспасөз қызметі

Бүгін Қостанай облысы Заречное ауылындағы «Арғымақ» ипподромында Қостанай тұқымы жылқылары арасында бәйге өтті. Осылайша бұған дейін төрт рет ұйымдастырылған бәйге маусымы өз мәресіне жетті, деп хабарлады Halyq Uni.

Жарыстың негізгі мақсаты – жалғыз Қазақстандық зауыттық жылқы тұқымы – Қостанай тұқымын қолдап және дамыту.

Бәйге Қостанай облысы әкімдігінің қолдауымен және Ұлттық спорт қауымдастығы мен республикалық «Бәйге» федерациясының ұйымдастыруымен өтті.

Биыл Қостанай жылқыларына ерекше көңіл бөлінді. Туризм және спорт министрлігі және Sport Qory-ның қолдауымен, сондай-ақ Ұлттық спорт қауымдастығының бастамасымен биыл Қостанай жылқылары арасындағы бәйгенің жүлде қоры екі есе артып, 80 миллион теңге болды.

Одан бөлек ҚР Парламенті Сенаты депутаттары мен Қостанай облысы әкімдігінің және Ұлттық спорт қауымдастығының бастамасымен Қостанай жылқыларының мәртебесін өсіру, олардың тұқымын дамытып көбейту бойынша Заң жобасы әзірленіп ҚР Парламент Мәжілісіне жолданды. Қазір аталмыш Заң жобасы қаралып жатыр. Егер тиісті Заң қабылданса, алдағы уақытта Қостанай жылқыларын одан әрі дамыту үшін мемлекет тарапынан қаржылай көмек мен субсидиялар берілетін болады.

Бүгінгі жарыстың жеңімпаздарын марапаттауға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали мен Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Нұрлыбек Мұқанов және республикалық «Бәйге» федерациясының вице-президенті Мұрат Өсербаев арнайы қатысты.

Жарыс нәтижелеріне келер болсақ:

Ұшқыр бәйге, 1600 м. «Диктор» жүлдесі

1️-орын «Самғау» жылқысы, жокей – Сабыржан Байқұрман, бапкері – Алмаз Құлтасов, ат иесі –  Қабылқалым Құлтасов (Ақмола облысы)

2️-орын «Быстрая Звезда» жылқысы, жокей Мария Кариева, бапкері және ат иесі –  Эдуард Барановский (Қостанай облысы)

3️-орын «Золотой» жылқысы, шабандоз – Михаил Никонов, бапкері – Дамир Клишев, ат иесі Әділет Тасмұхаметов (Ақмола облысы).

Ұшқыр бәйге, 2400 м. «Неон» жүлдесі

1️-орын «Нұржайна» жылқысы, шабандоз – Нина Дидичкори, бапкері – Ескендір Білдібаев, ат иесі – Айбат Кабажаев (Қостанай облысы)

2️-орын «Барбара» жылқысы, шабандоз – Сабыржан Байқұрман, бапкері  және ат иесі – Алмаз Құлтасов (Ақмола облысы)

3️-орын «Сардар» жылқысы, шабандоз – Вероника Лобас, бапкері – Жанат Омаров, ат иесі – Алишер Сапашов (Қостанай облысы).

Құнан бәйге, 7000 м. «Қазанат» жүлдесі

1️-орын «Қаңтар» жылқысы, шабандозы – Асқар Төребаев, бапкері және ат иесі – Қадырбек Тоқмурзин, (Қостанай облысы)

2️-орын «Мамыр» жылқысы, шабандозы – Санжар Санай, бапкері – Алтынбек Жақыпов, ат иесі – Алтай Нұртаев (Қостанай облысы)

3️-орын «Балқасқа» жылқысы, шабандозы – Тимур Харитонов, бапкері – Ғанибек Қыпшебаев, ат иесі – Айбат Кабажаев (Қостанай облысы).

Аламан бәйге, 20 000 м. «Гипотеза биесі» жүлдесі

1️-орын «Либерия» жылқысы, шабандозы – Самир Ильясов, бапкері –  Ескендір Кужанов, ат иесі – Владимир Водопьянов (Қостанай облысы)

2️-орын «Занзибара» жылқысы, шабандозы – Тимур Харитонов, бапкері – Дамир Клишев, ат иесі – Әділет Тасмұхамбетов (Ақмола облысы)

3️-орын «Патриот» жылқысы, шабандозы – Нұрислам Ораз, бапкері – Берік Әміров, ат иесі –  «Қазақ тұлпары» жылқы зауыты (Қостанай облысы).

Одан бөлек, сайыс барысында көрермендер аударыспақ спорты мен қыз қуу ойынын да тамашалады.

Айта кетсек, турнирдің Бас серіктесі – «Самұрық Қазына» АҚ, ал, серіктесі – «Sportqory» спортты қолдау қоры.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама