Миы шайқалып, бір көзі көрмей қалған азаматтың өміріне қауіп төнген күн толық есінде жоқ
Талғар ауруханасында соққыға жығылып, кейін ауыр халде жансақтау бөліміне түскен дәрігерлер Алматы арнасына сұхбат берді.
Жалпақ жұрттың жағасын ұстатқан жағдайдан зардап шеккен медицина мамандары есін жиған. Cол күні алған ауыр соққыдан жарақаты әлі де жазыла қоймаған. Миы шайқалып, бір көзі көрмей қалған азаматтың өміріне қауіп төнген күн толық есінде жоқ.
Жағдай ауыр әлі де, бас ауырады. Көзім мазалайды. Тұру да қиын болып тұр. Есімде қалған әуелі басымнан ұрды, мен жығылғанда басымнан теуіп жатқан. Қалғаны есімде жоқ, – деді зардап шеккен дәрігер Нұрдәулет Евадилла.
«Реанимация бөлімшесінен травматология бөлімшесіне ауыстырдық. Екінші әріптеске келесі аптада мұрнына ота жасау керек. Бет жақ сүйектерін тексеріп, сосын ота туралы шешім қабылдаймыз», – деді Талғар аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ғалымжан Есенәлиев.
Ал осы жылдың тамызында Қарасай ауданындағы ауруханада жұмыс істейтін медбикені пышақтап өлтіріп кеткен еді. Жұмыс уақытында мекемеге оп-оңай кіріп, ойына келгенін істеген 42 жастағы күдікті қазір қамауда отыр.
Сегіз жыл ішінде көп жағдай болды. Қонақ үйден шақырту түсті. Қан қысымы көтерілген екен, дәрісін беріп, уколын салдым. Бір кезде жігіт қырыңдай бастады, ал қыз шашымнан жұлып, жерге итеріп жіберді. Олар ойынша, біз бәрін істеуге міндеттіміз, – деді №1 Жедел жәрдем қосалқы стансасының фельдшері Сандуғаш Жұматаева.
Мұндай жағдайлар жиілеп кеткен соң, мәселе мәжілісте талқыға түсті. Ақжағалылар «ақ халаттылардың құқығы жоғары деңгейде қорғалуы тиіс» дейді.
Күнделікті жұмыс барысында медицина қызметкерлері дөрекілікке тап болып, боқтық сөздер естіп жатады. Ол аздай, науқастың жақындарынан таяқ жейді. Алматы облысында ғана бір жылда 12 жедел жәрдем қызметкеріне шабуыл жасаған. Бұл бізге белгілісі ғана. Кейбір қызметкерлер айта алмайды, қиналып жұмыстан шығып кетеді, – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Гүлдар Нұрымова.
Күні кеше Денсаулық сақтау министрлігі Талғардағы жағдай бойынша Ішкі істер минстрлігіне хат жолдап, тергеудің әділ өткенін, осы іске қатысты азаматтардың қатаң жазалануын талап еткен болатын. Ал мінберде қаралған медицина мамандарының қауіпсіздік мәселесі кең талқыға түссе, заң жүзінде де өзгеріс енуі мүмкін.