Жамбыл облысында жүргізуші өзін тоқтатқан полицейді пышақтаған
Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Жамбыл облысының тұрғыны өзін тоқтатқан патрульдік полицейді пышақтаған, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерллерінің мәліметінше, 20 қыркүйек күні Алматы-Ташкент автожолының 168-шақырымында полиция қызметкері жол ережесін өрескел бұзғаны үшін Жамбыл облысы Қордай ауданының 61 жастағы тұрғыны тізгіндеп келе жатқан Toyota Carina көлігін тоқтатқан.
«Хаттама толтырылып жатқан кезде жүргізуші патрульдік полиция батальоны қызметкерінің мойнына жиналмалы пышақ сұғып алған. Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 380-1-бабы 1-бөлігі бойынша (құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қол сұғу) сотқа дейінгі тергеу басталды, - делінген мәліметте.
Жауап алу кезінде ер адам өзінің мұндай қадамға баруына әйелінің қайтыс болуы және тұрмыстық мәселелерге байланысты депрессиялық жағдайда жүруі себеп болғанын айтқан. Ойланбай жасаған әрекетінің ауырлығын түсініп, жасаған ісіне өкінетінін жеткізген.
Полиция қызметкері ауруханаға жеткізілді. Ұсталған адам Қордай аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қызметтік тергеу тағайындалды», - деді полициядан.
Айта кетейік, жамбылдық тұрғын 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.