Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты
Ол Қазақстан мен Түркияның арасында әуе қатынастары бойынша Үкіметаралық келісім негізінде аптасына 61 жолаушылар рейсі жасалып жатқанын атап өтті.
Қазір Air Astana, Fly Arystan және SCAT әуе компаниялары 37 рейс орындаса, түркиялық Turkish Airlines және Pegasus компаниялары 24 рейс жасап жүр. Жолаушылар Стамбұл мен Анкараға және кері қарай Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Шымкент және Түркістан қалалары арқылы ұша алады.
Енді 13 мамырдан бастап аптасына 63 рейске көбейеді. Сонда екі елге барып келген ұшақтардың рейсі 124-ке дейін өсетін болады.
13 мамырынан бастап Анталия және Бодрум ға қатынайтын Air Astana, SCAT, Turkish Airlines әуе компанияларының рейс саны біртіндеп артады. Қосымша рейстер Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Орал, Шымкент және Өскемен арқылы болады, – деді Қайырбек Өскенбаев.
Мәселен, SCAT компаниясының ұшақтары Анталияға аптасына Нұр-Сұлтан (аптасына 7 рейс), Алматы (6), Ақтөбе (3), Атырау (3), Шымкент (2), Қарағанды (2), Орал (2), Қостанай (2), Ақтау (1), Өскемен (1) қалаларынан 29 жаңа рейс жасаса, Air Astana Нұр-Сұлтан және Алматыдан Анталия (7 рейстен) мен Бодрумға (2 рейстен) аптасына 18 рейс жасайды.
Turkish Airlines Анталияға аптасына 16 рейсті Нұр-Сұлтан (5 рейстен), Алматы (4) және Қарағандыдан (3) және Бодрумға Нұр-Сұлтан (2 рейстен) мен Алматыдан (2) орындайды.
Сол сияқты Қазақстан мен Өзбекстан арасында рейстер саны көбейеді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиция комитетінің хабарлауынша, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің көлік министрлерінің 9-кеңесінде қол қойылған құжатқа сәйкес, Қазақстан мен Өзбекстан әуе қатынасын көбейту және өзара экономикалық, мәдени және туристік байланыстарды дамыту үшін екі ел арасында жаңа бағыттар ашу жөніндегі жұмысты жалғастыруға келісті.
Қазір Қазақстан мен Өзбекстан арасында екі елдің әуекомпаниялары (Эйр Астана, SCAT, Fly Arystan, Uzbekistan Airways) Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Түркістан, Ақтөбе және Ташкент, Самарқанд, Наманган, Үргенч, Нүкіс қалалары арасында аптасына 40 рейс жасап жүр.