Ауылдағы барлық мал басы тексерілген
Абай облысы Жетіжар ауылында сібір жарасын жұқтырды деп күдікке ілінген тұрғынды қайта тексеру барысында ауру анықталмады, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Тиісті медициналық сараптама жүргізілген. ПТР нәтижесі тұрғында сібір жарасы болмағанын көрсетті.
Бесқарағай ауданына қарасты Жетіжар ауылы тұрғынының жағдайы тұрақты, дене қызуы қалыпты. Бүгінде науқас емделіп жатыр.
Жетіжар ауылында күн сайын (ауыл және шаруа қожалықтарында) барлық мал басы клиникалық тексерістен өтеді әрі оларға міндетті түрде термометрия жүргізіледі, – деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ бүгінде ауру жануар анықталмаған.
«Бесқарағай-вет» мемлекеттік кәсіпорнының мамандары залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бұған дейін Жетіжар ауылында төтенше жағдай жарияланған еді.