Қазақстанның 2 кемесі Парсы шығанағына шықты
Олар 52 күн теңізде болған
Қазақстандық 2 сүйреткіш кеме Парсы шығанағында жұмыс істеу үшін 3 жылға жалға алынды, деп хабарлады «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның баспасөз қызметі.
«Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясына тиесілі «Талас» және «Ембі» екі буксирі Парсы шығанағында жұмысқа кірісуге дайын, - деп жазылған хабарламада.
Кемелерді жалға алу туралы келісімшарт «ҚазМұнайГаз» АҚ мен Abu Dhabi Ports Group (БАӘ) арасында жасалды. Сүйреткіш кемелер 3 жылға жалға берілді.
Қазақстандық экипажы бар буксирлер Каспий теңізінен Ресейдің су жолдары, Түрік бұғаздары, Суэц каналы және Аден шығанағы арқылы 52 күн теңізде жүрді. 5 мыңнан астам теңіз милін (шамамен 9500 шақырым) жүріп өтіп, Парсы шығанағына жетті, - деп жазылған хабарламада.
Буксирлер Абу-Даби аймағының (Аль-Галлан және Дас аралдары) оффшорлық жобаларына тартылады.
«ҚазМұнайГаз» АҚ мәліметінше, жақын арада Парсы шығанағына «Ырғыз» деп аталатын үшінші буксирді жіберу жоспарланып отыр.
Кемелерді жалға беру – «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық кеме қатынасы компаниясына Парсы шығанағының теңіз сервистік қызметтері нарығына шығуға, кірісті арттыруға және жаңа тәжірибе алуға мүмкіндік береді, - деп жазылған хабарламада.