Петропавл әуежайы: шығыны көп, сатып алатын адам жоқ
Әуежай құны екі есе арзандатылса да өтпей жатыр
Петропавл халықаралық әуежайы екі мәрте аукционға шығарылып, сол күйі сатылмады. Себебі стратегиялық маңызы бар нысан пайда әкелмей, керісінше шығынға ұшыраған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
31 наурызда әуежайға қатысты алғашқы аукцион өтті. Ол кезде оның құны – 5,6 миллиард теңге болатын. Арада екі ай өтіп оның қбағасы - 2,8 миллиард теңгеге дейін төмендетілді. Дегенмен, оны сатып алуға қызығушылық танытып отырған инвестор табылмай тұр. Сондықтан ешкім аукционға қатысуға ниет білдірмеген. Шарт бойынша кәсіпкер конкурсқа қатысу үшін алғашқы салым ретінде 840 миллион теңге төлеуі қажет. Артынша оны сатып алса 10 жыл бойы әуежайды өзгертпей, жолаушылар тасымалын және өрт қауіпсіздігі талаптарын қамтамасыз етуге тиіс.
Жалпы Петропавл халықаралық әуежайына осыдан алты жыл бұрын күрделі жөндеу жүргізілді. Себебі 2018 жылы шаһарда Қазақстан мен Ресейдің 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Сол кезде ауқымды жиынға екі елдің президенті мен қонақтары ұшып келді. Яғни, бұл мақсатта ел қазынасынан 7 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалып, ұшып-қону жолағы мен жолаушылар терминалы жаңартылды. Айта кету қажет, Петропавл әуежайы бір кездері тәулігіне 50-ден астам рейске қызмет көрсеткен екен. Қазір аптасына тек 5 рет Алматы және күн сайын Нұр-Сұлтан қаласына ұшақ қатынайды. Өйткені, бұл бағыттар бойынша тасымалдаушы компания мемлекеттен субсидия алып отыр. Осыған дейін талай мәрте шетелге рейстер ашылатыны сөз болған еді. Бірақ жоспар жүзеге аспай отыр.
«Әуежайдың бар мүлкін арнайы компания 5,6 миллиард теңгеге бағалады. Яғни, мұндай шаруамен аккредитациясы бар мекеме ғана айналысады. Аукционға қатысуға ешкім ниет білдірмеді. Сондықтан инвестор табылып, нысан сатылғанша тендер жариялай береміз. Жалпы сараптама нәтижесі әуежай жұмысында шығын барын көрсетті. Мемлекет оған қаржы бөле алмайды. Сол себепті оны коммуналдық меншіктен жекенің қолына беру жөнінде шешім қабылдадық. Осылайша, алдымен нысанды сенімді басқаруға беріп, кейін сататын боламыз. Инвестор табылса ол жеке қаражатын салып, әуежайды дамытатынына сенімдіміз. Күрделі жөндеу жүргізу, алыс бағыттарға әуе рейстерін ашу қажет», - дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мирхат Әбілмәжінов.