Бүгінде заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр
Мүгедектер мен жетімдерге жалға берілген пәтерлер сатылуы мүмкін. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Жүнісбеков айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жалпы бізде несиелік тұрғын үйді қаржыландыруды толық тоқтатып, жалға берілетін тұрғын үйді сатып алуға кірісеміз деген жоспар болған. Алайда жалға берілетін тұрғын үйлерді жалға алушылар үшін міндетті түрде сатып алу тетіктері қарастырылады, - деді Бақытжан Жүнісбеков ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Журналист «Алдағы уақытта мүгедек жандарға, жетімдерге бұл үйлерді сатып алуға мүмкіндік берілуі мүмкін ғой?» – деп сұрағын нақтылады.
«Иә», - деп жауап берді комитеті төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қала құрылысы және тұрғын үй коммуналдық саясаты департаменті Құрылыс саласын дамыту басқармасының басшысы Ерлан Құлышев мәселеге бір жылдың ішінде нүкте қойылуы мүмкін екенін жеткізді.
Қазір заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Оны нақты білеміз. Бұл – өзекті мәселе. Жұмыс топтарына үнемі қатысып жүрміз. Шешім әлі қабылданған жоқ. Мәселе бір жылдың ішінде шешілуі мүмкін, - деді ол.
Бұған дейін Қазақстанда жалға берілген 36 мың пәтердің тозып жатқаны хабарланған еді.