Алматы қаласы бойынша МКД қызметкерлері жүйелі негізде пара алған
Антикор 9 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты
Алматы қаласы бойынша МКД қызметкерлері жүйелі негізде пара алған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бірінші сатыдағы соттардың үкімдерімен Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті кеден қызметінің қызметкерлері М. Асанбай, Д. Бекжүнісова, М. Анарбеков пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Сотталғандар үшін айыппұлдың жалпы сомасы 16 млн теңгеден асты.
Лауазымды тұлғалар жүйелі негізде және бірнеше рет кәсіпкерлер мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардан кедендік ресімдеу мен кедендік бақылауды кедергісіз жүргізгені үшін пара алды, – делінген Антикор хабарламасында.
Аталған адамдар мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сондай-ақ жоғарыда аталған тұлғаларға заңсыз материалдық сыйақы бергені үшін Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 9 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Салынған әкімшілік айыппұл сомасы – 3 млн 105 мың теңге.