Құрылыс комитеті Асхат Аймағамбетовтің ұсынысымен келіспейді
Үшауысымды мектепте сапалы білім беру мүмкін емес
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Жүнісбеков мектептердің жанына көпқабатты тұрғын үйлер салуға қатысты түсінік берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектеп аумағында көпқабатты үйлерді салуды азайту керектігін айтқан болатын. Ал Бақытжан Жүнісбеков депутаттың ұсынысымен келіспейтінін жеткізді.
Қазір оны түсіндіріп беремін. Егер біз тұрғын үйлерді салуға тыйым салсақ, бұл құрылысшыларға әсер етеді. Себебі әлеуметтік нысандарды мемлекет қаржыландырады. Ал нысандардың барлығы 100% қаржыландырылып жатқан жоқ. Өтінімдер түсіп жатыр. Бірақ оның бәрі қанағаттандырылмады. Ол екеуін қатар іске асыруға болады, - деді комитет төрағасы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап құрылыс құжаты мен оны цифрландыру мемлекеттік сараптама бойынша қалалық сараптамалық ұйымның тексеруі арқылы жүргізіледі.
Әлеуметтік нысандардың саны сараптама арқылы жүргізіледі. Оның жан-жағына салынатын құрылыстарға да сараптама жасалады. Бірыңғай мемлекеттік мүлік кадастры цифрлық ортаға кіріктіріледі. Бұл жұмысты қатар алып жүру керек. Себебі олар кезең бойынша іске асырылса, құрылыс қарқыны тоқтап қалады, - деді басшы.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектепте балалар көп екенін айтып, білім ордасының аумағында көпқабатты үйлерді салуды азайтуды ұсынған.
Үлкен қалаларды салғанда көпқабатты үйлер тұрғызылады. Егер әлеуметтік инфрақұрылым болмаса, онда көпқабатты үйлерді салуға рұқсат берілмеуі керек. Бізде жақсы мектептер салынады. Оларды салғанда алдында қанша үйге қанша мектеп керектігін болжайды. Бірақ салынған мектеп заң бойынша бірауысымда жұмыс істеуі керек, - деген еді ол.
Депутаттың пікірінше, мектептің жанына 5-6 көпқабатты үй салынғаннан кейін ол бір жылда үшауысымды болып кетеді.
Мұндай үшауысымды мектептерде сапалы білім беру мүмкін емес. Сондықтан депутат ретінде тиісті норманы заңға енгізіп жатырмыз. Мысалы, көпқабатты үйді салар кезде бірінші кезде әлеуметтік инфрақұрылым болу керек. Ол жеткіліксіз деңгейде болса, онда көпқабатты үйлерді салуға рұқсат берілмеуі қажет. Осындай (заңда) норма болмағандықтан мегаполистерде көпқабатты үйлерді салуға рұқсатты беріп жатыр, - деді Асхат Аймағамбетов.