XIX Азия ойындары: Қазақстанның мемлекеттік туы көтерілді
Әзірше Ханчжоуға елімізден 200-ден астам спортшы барды
Қытайдың Ханчжоу қаласында еліміздің мемлекеттік туы көтерілді. Мемлекеттік туды көтеру салтанатына Қазақстан делегациясының құрамындағы спортшылар мен команданың басқа да мүшелері қатысты.
«Салтанатты рәсім тиісті деңгейде өтті. Оған осында келген спортшылар мен олардың жаттықтырушылары, делегацияның басқа да мүшелері қатысты. Кешеден бері кейбір спорт түрінен жарыстар басталып кетті. Мәселен, академиялық ескек есуден әйелдер және ерлер командасы финалға шығып үлгерді. Мемлекеттік ту көтерілген соң, біз осы жерге келіп, ту тіктік. Енді жарыстарға қатысамыз, Азиадаға дайынбыз деген сөз.
Ханчжоуда біздің 200-ден астам спортшымыз бар. Бәріміз кеше Алматыдан чартерлік рейспен келдік. Азиадаға бірінші болып бокс, жүзу, үстел теннисі, үлкен теннис, нысана көздеуден, су добынан әйелдер құрамасы, семсерлесу, спорттық гимнастика, дзюдо, регби-7, гандболдан ерлер командасы жетті. Енді бұдан басқа да спортшылар жарысқа қатысу кестесіне сәйкес келе бастайды. Спортшыларымыз Олимпиаладық қалашыққа орналасты. Жаттығуға барлық жағдай жасалған. Әрине, ұйымдастыру жұмысы болғаннан кейін барлық мәселе шешілген деп айта алмаймын. Ондай мәселелер барлық жерде болып тұрады. Оларды Олимпиадалық штаб шешеді деп ойлаймын, – деді Ұлттық Олимпиада комитеті спорт департаментінің директоры Елсияр Қанағатов.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан құрамасында барлығы 525 спортшы бар. Олар спорттың 30 түрінен жарысқа шығады. Оның 27-сі – олимпиадалық спорт түрі.
Биылғы Азия ойындары Ханчжоуда 54 спорт аренасында өтеді. Командалардың иелігінде 31 жаттығу базасы болады.
Азия ойындары Ханчжоуда 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өтеді.