Арзан автонесие алдағы аптадан бастап беріледі
16 мамырдан бастап банктер жеңілдетілген автонесиеге өтінімді қабылдауды бастайды

16 мамырдан бастап банктер жеңілдетілген автонесиеге өтінімді қабылдауды бастайды.
Бұл туралы Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр айтты.
Кешеден бері банктер өздерінің корпоративті рәсімдерін, директорлар кеңесінің отырыстарын өткізіп жатыр. Өнеркәсіпті дамыту қоры олармен барлық қажет келісімдерді бекітті. Енді олар тиісті рәсімдерден кейін дүйсенбіден бастап несие бере бастайды. Берген уәделеріне қарағанда, барлық жұмыстар дүйсенбі күні іске асырылады, - деді ол мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған форумда.
Оның айтуынша, осыған дейін несие беріп келген бес банк осы жұмыспен айналысады.
Қазір несие беру бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Револьверлік негізде 88 млрд теңге бар. Ол қаражат айналымда. Бұл бағдарлама бойынша соңғы бес жыл бойы тиісті жұмыстар істелініп жатыр. Осыған байланысты «ӨКМ Операторынан» аударылатын 100 млрд теңгені қосамыз, - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев автонесие шарттарының бекітілгенін айтқан еді. Жеңіл автокөліктерді сатып алуға несие беру мынадай шарттар бойынша жүргізіледі:
• сыйақы мөлшерлемесі – 4%;
• несиелендіру сомасы – 10 млн теңгеден артық емес;
• қаржыландыру мерзімі – 7 жылдан артық емес;
• бастапқы жарна – 0 %-дан бастап;
• көлік құралының құны – 15 млн теңгеден аспайды.
Автонесиені екінші деңгейдегі банктер беретін болады.