Halyq Uni логотип
×

Қазақстан мен Қытай арасында ақпарат алмасу жеңілдейді

Мәжіліс заң жобасын мақұлдады

 Халық үні 20.09.2023 | 16:13
Қазақстан мен Қытай арасында ақпарат алмасу жеңілдейді
Фото: gov.kz

Қазақстан мен Қытай арасында азаматтарға қатысты ақпарат алу жеңілдейді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мәжілісте «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Құжат екі елдің келген азаматтары, берілген визалар, келу және болу тәртібін бұзушылықтар, азаматтыққа қабылданған адамдар туралы ақпарат алмасуды көздейді. Бұл қос азаматтыққа қарсы күрес, заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу үшін қажет. Келісімде егемендікке, қауіпсіздікке қауіп төнген және заңнамаға қайшы келген жағдайда сұрау салуларды орындаудан бас тарту көзделген, - деді ішкі істер минстрі Ержан Сәденов.

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті заң жобасын қарап, келісімді ратификациялау Қазақстан мен Қытайдың көші-қон және қос азаматтыққа қарсы іс-қимыл саласындағы құзыретті органдары арасындағы ынтымақтастық үшін құқықтық негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді деген қорытындыға келді.

Келісім екі мемлекет азаматтарына қатысты көші-қон саласында ақпарат алмасу бойынша өзара іс-қимылды көздейді. 

Келісімді ратификациялау екі ел арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және нығайтуға ықпал етеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама