×

Азиадада Қазақстанның шұғыл штабы құрылады

Ол мәселе туындаған жағдайда тәулік бойы жұмыс істейді

 Дастан Жұмабекұлы 20.09.2023 | 11:55
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Азия ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасының жаттықтырушылар штабымен кездесті. Министр жарыс алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиындарының қорытындысымен танысып, спортшылардың жалпы дайындығын сұрады.

Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, құрама жаттықтырушылары спортшылардың жарақаттан аман, физикалық дайындықтары мығым және тек жоғары сынамалы жүлде алуға ниетті екендіктерін айтты. Сондай-ақ Алматы облысындағы республикалық олимпиадалық даярлық базасы үшін алғыс айтты.

Алдағы басты дода – Азия ойындары өте маңызды жарыс. Жақсы нәтиже көрсетіп, ел үмітін, жанкүйерлердің сенімін ақтау қажет. Сондай-ақ құрлық біріншілігінде спорттың 8 түрінен Олимпиада лицензиялары сарапқа салынды. Сіздер ауқымды жұмыс істедіңіздер. Енді жүлде алып, төгілген тер мен үлкен еңбектің жемісін көруге тілектеспін. Осы жарысқа дайындалу үшін министрлік тарапынан барлық жағдай жасалды. Азиада барысында да тәулігіне 24 сағат қолдау көрсететін боламыз. Қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда шұғыл әрекет ету үшін арнайы штаб жұмыс істейтін болады, –  деді Ермек Маржықпаев.

Туризм және спорт министрінің жаттықтырушылармен кездескен республикалық олимпиадалық даярлық базасы ТМД-дағы ең ірі спорт кешендерінің бірі саналады. Мұнда халықаралық стандарттарға сәйкес, спорттың 23 түрі бойынша олимпиадалық резерв пен ұлттық құрама командалар дайындалады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама