Жетіжар ауылында төтенше жағдай жарияланды

Дәурен Ерболат

Елді мекеннің кіреберісіне санитарлық бекет орнатылды

Фото: Tengrinews.kz

Абай облысы Жетіжар ауылында төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бесқарағай ауданы Жетіжар ауылының тұрғыны сібір жарасы ауруына шалдықты деген күдікке ілінді. Науқас ПТР тестінен өткен. Бүгінде оның ауру жұқтырғаны расталмады.

Төтенше жағдайдың алдын алу және жою жөніндегі жоспардан тыс облыстық комиссияның отырысында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті ауқымда табиғи төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданды, - деп жазылған хабарламада.

Қазір Жетіжар ауылының кіреберісіне санитарлық бекет орнатылып, ол жерден ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруға уақытша шектеу қойылды. Сондай-ақ жағдайдың себебін анықтау үшін аудиторлық жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Абай облысының әкімдігі тек ресми ақпаратқа сенуге шақырады. 

Айта кетейік, сібір жарасы ауа тамшылары арқылы таралмайды. Жара ауру малдың еті, тері, жүні немесе ластанған тағамдар мен ауызсуды ішу арқылы жұғуы мүмкін.