Орал түрмесінде жазасын өтеушілер төбелесіп, 10 адам жарақат алған
Екеуі медициналық көмектен бас тартып, төменгі жақ сүйегі сынған бір адам облыстық ауруханаға жатқызылды
БҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 10 мамыр күні шамамен сағат 05.00-де қауіпсіздігі орташа РУ-170/2 мекемесінде болған.
Мекеме жатақханасында жазасын өтеушілер бір-бірімен сөзге келіп, оның соңы төбелеске ұласқан. Алайда кезекші жасақтың күшімен жанжал 10 минут ішінде тоқтатылыпты. Сол аралықта 10 адам жарақаттанып қалған. Оларға алғашқы медициналық жәрдем көрсетіліп, облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілген. Өмірлеріне қауіп жоқ.
Орал қаласының полиция басқармасы Зачаган полиция бөлімі қызметкерлерімен бірге ҚР ҚК-нің 107-бабы, 2-бөлігіне («Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру») сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Жазасын өтеушілер тарапынан арыз-шағым түскен жоқ. Қызметтік тексеру тағайындалды, - деп хабарлады БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Мәлімектке сүйенсек, оқиға салдарынан зардап шеккен 1985 жылғы жазасын өтеуші дәрігер қарағаннан кейін облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылған. Ал 1992 және 1988 жылғы жазасын өтеушілер дәрігерлер қарағаннан кейін кері қайтарылған. Оқиға орнынан ұзындығы 1 метр металл тұрбаның 6 данасы, 1 метр ағаш таяқтың 3 данасы және қара-қоңыр дақтар алынған.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, барлығы 10 адам жарақат алған. Олардың екеуі медициналық көмектен бас тартқан. Ал төменгі жақ сүйегі сынған бір адам облыстық ауруханаға жатқызылса, қалған жетеуі жеңіл ем-домнан кейін түрмеге қайтарылған.