Күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысының бары анықталды
Шымкентте полиция балалардың алтын сырғасын ұрлаумен айналысқан 23 жастағы қызды ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.
102 қызметіне Тұран ауданының тұрғыны хабарласып, белгісіз адам кішкентай қызын алдап, алтын сырғасын алып кеткенін айтқан.
Аулада ойнап жүрген 7 жасар қыздың жанына белгісіз біреу келіп, анасының құрбысымын деп таныстырып, құлағындағы қымбат сырғасын шешіп алған. Қыз балаға балмұздақ алып беремін деп оқиға орнынан ізін суытқан.
Полиция Қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша іс қозғап, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тергеушілер барлық куәгерден жауап алып, оқиға орнына жақын орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерді. Нәтижесінде олар күдіктінің кім екенін анықтап, оны 2 тәулікте ұстады.
Тұран аудандық ПБ-ның тергеушісі Нұрдәулет Аязхановтың айтуынша, 23 жастағы қыздың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар.
Бұған дейін ол тағы бір кішкентай қыздың алтын сырғасын иемденіп, қарт әйелдің телефонындағы онлайн-банкинг арқылы өзіне ақша аударып алған.