Премьер-министр қай өңірлерде жылу мерзімінен ерте берілетінін айтты

Халық үні

Солтүстік және шығыс өңірлерде жылыту маусымы ауа райына байланысты мерзімінен ерте басталуы мүмкін

Фото: hibiny.ru

Премьер-министр Әлихан Смайылов ауа райына байланысты солтүстік пен шығыс өңірлерге жылу ерте берілуі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Жылу беру маусымының басталуына өте аз уақыт қалды. Солтүстік және шығыс өңірлерде жылыту маусымы ауа райына байланысты мерзімінен ерте басталуы мүмкін. Көріп отырғанымыздай, бүгінгі таңда жылыту маусымын бастау үшін бастапқы дайындық бар. Бірақ кейбір жылу көздерін жөндеу жұмыстары уақытында аяқталмай қалуы мүмкін», - дейді Смайылов үкімет отырысында.

Айтуынша, Теміртау қаласының 2-ші Жылу электр орталығында №4-ші қазандықты жөндеу қазан айының соңына дейін ұзартылған.

Жезқазған ЖЭО-да №4 қазандықты жоспарлы жөндеу әлі аяқталған жоқ, ал №9 қазандықта жұмыстардың небәрі 4%-і орындалған.

Абай, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарының энергия кәсіпорындарында жөндеу жұмыстары кестеден кешігіп жатыр.

«Жылу маусымының басында қазандықтарға түсетін жүктеме төмен болатынын ескерсек, бұл үйлердегі температура көрсеткіштеріне әсер етпеуі керек. Аталған өңір әкімдері энергетика министрлігімен бірге жөндеу жұмыстарына күнделікті мониторинг жүргізіп, алдағы маусымда қажетті жылу беруді қамтамасыз етуге тиіс», - деді премьер-министр.

Сондай-ақ Смайылов МАЭК-те №3 энергоблокта жоспарланған күрделі жөндеу 2024 жылға ауыстырылғанын атап өтті, бүгінде №2 энергоблокта апаттық жөндеу жүргізілуде.

Үкімет басшысы өңір әкімдігіне жөндеу жұмыстарының аяқталуы мен кәсіпорынның тұрақты жұмысын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.