Самат Әбіштің қазір қайда екені белгілі болды

Халық үні

Самат Әбіш Қазақстанда, ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған

коллаж: Halyq Uni

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбіштің қайда екені белгілі болды, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Самат Әбіш қазір Қазақстанда, ешқайда кетпеу туралы қолхат алу бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Еске салайық, бүгін Бас прокуратура Самат Әбішке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады.

Арнайы прокурорлар Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты «қаңтар оқиғалары» кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.   

Тергеу құпия құжаттаманың едәуір көлемін зерделеумен байланысты.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілмейді.

МӘСІМОВ 18 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ

Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Кәрім Мәсімов қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Одан бөлек, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ал оның орынбасары болған Әнуар Садықұлов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 16 жылға сотталды. Сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Өсіпов қылмыстық кодекстің 362-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Олар генерал атағынан және мемлекеттік наградаларынан айырылды.