Биыл астықтың сапасы төмен
Еліміз астық экспортында тұрақты нарығынан айырылып қалуы ықтимал. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, былтыр ұн мен астықты қоса есептегенде шамамен 13 млн тонна экспортталған.
Биыл өнімділік төмендеуі мүмкін. Бірақ астық жинау науқаны аяқталғаннан кейін ғана нақты көлем белгілі болады. 2022 жылы тура осы кезеңде 11,6 млн тонна астық жиналса, биыл 6,6 млн тонна ғана бастырылды, яғни жауын-шашынға байланысты егіннің тек 40%-ы орылды. Былтыр осы уақытта 73% орылған еді.
Тиісті комиссия жұмысын аяқтағаннан кейін нақты көрсеткіштер жарияланады. Себебі қайта көктеп кеткен астық алқаптары бұдан да көп болуы мүмкін, - деді Әбілхайыр Тамабек Мәжілісте өткен Аграрлық мәселелер комитетінің кеңейтілген отырысының кулуарында.
Вице-министрдің пікірінше, экспорт көлемі азайса, астық өткізетін нарықты жоғалтып алу қаупі төнеді.
Себебі, Қазақстанның өнімін тұрақты түрде алатын Өзбекстан, Ауғанстан, Түрікменстан, Тәжікстан бар. Иран мен Қытай да бізден астық алып жатыр. Осы нарықты жоғалтып алуымыз мүмкін. Өйткені, биыл Ресейде мол астық жиналды, - деді ол.
Сондай-ақ Әбілхайыр Тамабек биыл астық тапшылығы болмайтынын атап өтті.
«Былтыр 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 2,5 млн тонна астық бастырылса, биыл 1 қыркүйекте 5 млн тоннадан аса жиналды. Еліміздің ішкі нарығына 6-7 млн тонна астық керек. Осыдан артылғаны экспортқа өткізіледі», - деді министрдің орынбасары.
Бұған дейін елімізде үш аптаға созылған жауын-шашын салдарынан астықтың 40%-ы жиналмағаны хабарланған еді.