Ал СҚО-дағы 100 млн теңгеге жасалған геопортал жақсы жұмыс істейді
Алматы облысының жер қатынастары саласында 1 млрд теңге бөлінген геопортал дұрыс жұмыс істемейді, деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облыстық департаменті.
Департамент басшысы Серік Орымбетов Алматы облысында 15 мың гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылғанын айтты.
Жалпы ауданы 15 мың гектардан асатын 34 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Сондай-ақ Жамбыл ауданында 56 мың гектар бойынша сот процесі басталды, - дейді Серік Орымбетов.
Оның айтуынша, жер қатынастары саласындағы геопортал да дұрыс жұмыс істемейді.
«Солтүстік Қазақстан облысында 100 млн теңгеге жасалған геопортал жақсы жұмыс істеп тұр. Ал Алматы облысында әкімдік 1 млрд теңге бөлген геопортал жұмыс істемейді. Бұл қаражаттың қаншалықты орынды жұмсалғанын анықтау үшін біз қосымша IT мамандарды тарта отырып, аудит жүргіземіз», - деді департамент басшысы.