Премьер-министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды
Жамбыл облысында шаруалар ауа райына байланысты 3,6 млрд теңге шығынға ұшыраған. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Жамбыл облысындағы құрғақшылық бойынша шығынды есептедік. Шамамен 400-ге жуық шаруашылық 3,6 млрд теңге шығынға ұшыраған. Солтүстік өңірге келсек, арнайы комиссия құрылды. Ол жақта шығын байқалмайды. Шаруалар негізінен борыш мерзімін ұзартуды, субсидия бойынша қарызды жабуды сұрап отыр, - деді Сапаров.
Сапаровтың айтуынша, Жамбыл облысында шығын көлемі 10 күн бойы есептелген.
...392 шаруашылық қатысты. Бастапқыда шығынды 7 млрд теңге деп көрсетті. Құжатты тексерген кезде 3,6 млрд теңге екені белгілі болды. Ол бүгіннен бастап төленеді. Құжаттарын қосымша түзейтіндер болса, резервтегі қаражат беріледі. Ақша қаржы министрінен облыс бюджетіне беріледі. Облыс әрі қарай қаражатты ауыл шаруашылығы департаменті арқылы таратады, - деді Сапаров.
Айта кетейік, Үкімет табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан Жамбыл облысының аграрларына келтірілген шығынды өтеуге резервтен 3,6 млрд теңгеден астам қаражат бөлді.
Жамбыл облысы әкімдігінің хабарлауынша, Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов және Талас аудандарындағы 400 Агроөнеркәсіптік кешен субъектісінің 9 мың га алқаптағы егісі қуаңшылықтан зардап шеккен. Бұл жағдайға байланысты премьер-министрдің өкімімен облыста табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Үкімет резервінен бөлінген қаражат шаруаларға шығынның орнын толтырып, келесі жылдың көктемгі дала жұмыстарына толық дайындалуға мүмкіндік береді, делінген ақпаратта.