Жылыту маусымы: проблемалы қалалар аталды
Министрлік кепілдік бере алмайды
Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов биыл жылыту жүйесінде іркіліс болуы мүмкін қалаларды атады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Бірінші кезекте бұл былтырғы жылыту маусымында проблема болған қалаларға қатысты. Биыл жылыту кезеңі штаттық режимде өтеді деп жоспарлап отырмыз. Дегенмен ешқандай кепілдік бере алмаймыз.
Бүгінде бізді Ақтау қаласындағы жағдай алаңдатады. Нақты айтқанда, МАЭК бойынша мәселе әлі де бар. Теміртаудағы №2 жылу электр орталығындағы жұмыстар кешігіп жатыр. Екібастұзда жылыту маусымына дайындық аяқталып қалды. Онда биыл мәселе туындамайды деп ойлаймыз. Ал Риддер қаласына келсек, онда қаржы кеш бөлінді. Қазір жөндеу жүріп жатыр, қыркүйектің соңына қарай екі қазандық дайын болады деген жоспар бар. Бұл қалалардағы жағдайды Энергетика министрлігі ерекше бақылауда ұстап отыр, - деді Жандос Нұрмағанбетов Үкіметтің баспасөз қызметінде.