Қазақстан мен Тунис құрғақшылықпен бірігіп күреспек
Қос тарап агросектордағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндігін талқылады
Астанада Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Тунистің ауыл шаруашылығы, су ресурстары және балық шаруашылығы министрі Абдельмонем Белатимен кездесті, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Ведомство басшысының айтуынша, биыл Қазақстан Туниске 72,7 мың тонна бидай экспорттаған. Министр Тунис тарапына дәнді дақылдардан басқа, отандық ұн мен ұн өнімдерін, макарон және кондитерлік өнімдерді, өсімдік майлары мен балды сатып алу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Бүгінде Тунистен елімізге негізінен құрма мен жеміс-жидектер жеткізіледі. Қос тарап Қазақстанға зәйтүн және зәйтүн майын жеткізу мәселесін талқылады.
Айдарбек Сапаров жаңа логистикалық маршруттар құру мәселесін де пысықтау керектігін атап өтті.
Тунис тарапы ұлттық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде құрғақшылықпен күресу саясаты саласындағы ынтымақтастықты арттыруды ұсынды.
Қос мемлекет те заманауи ауылшаруашылығы технологиясы мен инновацияда білім алмасуға дайын. Кездесу қорытындысы бойынша екі тарап ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға келісті.
Бұған дейін президент 2050 жылға қарай Қазақстан «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін екенін мәлімдеген еді.