Солтүстік Қазақстан облысында көлде қалып қойған демалушылар құтқарылды

Дәурен Ерболат

Олар қолайсыз ауа райында көлге демалуға барған

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Петропавлдағы Пестрое көлінде қалып қойған 4 демалушы құтқарылды, деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.

Оқыс оқиға кеше, 17 қыркүйекте болған. 1983 жылы туған ер адам қайық сатып алып, оны демалыс орнына алып келген. Осылайша, ол жүзу құралын Пестрое көлінде сынақтан өткізбек болады.

Алайда қайыққа ол өзімен бірге 2008 жылы туған қызын және оның 2 танысын, 2007 жылы туған қыз бен жігітті отырғызады. Алғашында бәрі жақсы болғанмен кенет желдің екпіні күшейіп, жүзу құралын қамыстың арасына апарып тастайды. Биік өскен қамыс резеңке қайықтың бүйірін тесіп жіберуі де мүмкін еді. Жел де басылмайды.

Барлық демалушының құтқару кеудешесін киюі жағдайды ушықтармауға септігін тигізген.

Пестрое көлінде қалып қойғандарды Жедел-құтқару жасағының бас құтқарушылары Ерболат Нағыманов пен Думан Жиенмұрзин құтқарды.

Біз 5 минутта оқиға орнында болдық. Адамдарды қорықпауға шақырып, тыныштандырдық. Балалардың бірін өзіміздің қайыққа отырғыздық. Тросты мықтап байлап, демалушылар отырған қайықты аман-есен жағаға жеткіздік, - деді Ерболат Нағыманов.

Ол құтқарылғандарға судағы қауіпсіздік ережесін түсіндіргенін, профилактикалық әңгіме жүргізгенін атап өтті. Демалушылар құтқарушыларға алғыс айтты.